Қостанай облысында 6 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр

Қостанай облысында 6 теміржол вокзалы қайта жаңғыртылып жатыр

09.02.2026 15:24:08 140

Күрделі жөндеуден кейін Әулиекөл ауданы Аманқарағай станциясының вокзалы қайта пайдалануға берілді.

Президенттің тапсырмасы бойынша республикада теміржол вокзалдарын жаңғыртуға бағытталған ауқымды бағдарлама жүзеге асырылуда. Қостанай облысында Қостанай, Арқалық, Рудный қалалары, Тобыл, Аманқарағай және Құсмұрын елді мекендеріндегі алты вокзал қайта жаңартылуда.

Аманқарағай станциясының вокзалы күрделі жөндеуден кейін өз жұмысын қайта бастады. Ғимаратты жаңарту жұмыстары «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ тапсырысы бойынша жүзеге асырылды. Бас мердігер – «СЕРВИССТАЛЬ» ЖШС.

Әулиекөл ауданына жұмыс сапары барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Аманқарағай теміржол вокзалы маңызды көлік қатынасы нысандарының бірі екенін атап өтті.

«Вокзал ғимараты жаңартылып, оның аумағы 403 шаршы метрден 435 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Инженерлік желілер, күту залдары мен касса аймақтары, санитарлық тораптар толықтай жаңғыртылды, сондай-ақ заманауи қауіпсіздік жүйелері орнатылған. Реконструкция барысында кедергісіз орта қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарт адамдарға және балалары бар жолаушыларға барлық қажетті жағдай жасалды. Жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапасы мен жайлылық деңгейі едәуір артты», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Реконструкция кезеңінде жолаушылар мен қызметкерлер электрлік орталықтандыру постының ғимаратына уақытша орналастырылды. Бұл ғимарат 40 орындық күту залы және жылыту жүйесімен жабдықталып, күзгі-қысқы кезеңде қолайлы жағдай қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1157568?lang=kk