Әулиекөл тұрғындарына жаңа пәтер кілттері табысталды

Әулиекөл тұрғындарына жаңа пәтер кілттері табысталды

09.02.2026 15:42:48 81

Әулиекөл ауданына барған жұмыс сапары барысында Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға жаңа пәтер кілттерін табыстады.

Әулиекөлде өрттен кейін салынған тұрғын үйлерді есептемегенде, ұзақ жылдардан кейін алғаш рет жаңа көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Баспаналар мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыру аясында коммуналдық тұрғын үй қорынан берілді. Осылайша, барлығы 24 пәтер жаңа қоныстанушыларға табысталып отыр. Бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылған жобаның жалпы құны 356,3 млн теңгені құрады. Мердігер – «Елорда Инвест Строй» ЖШС.

Облыс әкімі тұрғын үй құрылысының дамуы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ баспаналар салу тек қалаларда ғана емес, аудан орталықтары мен ауылдарда да қарқынды дамып келе жатқанын, бұл олардың өмір сүруі мен еңбек етуіне қолайлы жағдай екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысы саласына ерекше көңіл бөлуде. Қостанай облысында бұл жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп келеді, баспана тапсыру көлемі жыл сайын артып отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, оның 63,7 мың шаршы метрі – ауылдық жерге тиесілі. Бұл 5,4 мыңнан астам отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», деді өңір басшысы.

Жаңа пәтерлердің жалпы ауданы 1 228,8 шаршы метрді құрайды. Үш қабатты тұрғын үйде ауданы 37-ден 64 шаршы метрге дейінгі 9 бір бөлмелі және 15 екі бөлмелі пәтер бар. Дайын күйінде тапсырылған пәтерлерде барлық инженерлік коммуникациялар тартылған.

Салтанатты рәсімді қорытындылай келе, облыс әкімі жаңа қоныстанушыларды құттықтап, оларға амандық пен береке тіледі.

Өңірде жастарды қолдауға да ерекше назар аударылып жатқанын айта кету керек. «Қостанай жастары» бағдарламасы аясында соңғы үш жылда 340-тан астам жас отбасы баспаналы болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1157583?lang=kk