Қазақстан Токиода өткен халықаралық конференцияда климаттық есептілікте спутниктік деректерді пайдалану тәсілдерін ұсынды

Қазақстан Токиода өткен халықаралық конференцияда климаттық есептілікте спутниктік деректерді пайдалану тәсілдерін ұсынды

09.02.2026 16:04:25 201

Қазақстан делегациясы Жапонияның Токио қаласында өткен Hybrid Approaches to Standards for BTR Development: Trust and Transparency in National GHG Inventories атты халықаралық конференцияға қатысты. Конференция Париж келісімі аясында Екіжылдық ашықтық есептерін (BTR) әзірлеуде гибридті тәсілдерді дамытуға арналды. Іс-шара барысында Қазақстан климаттық есептіліктің дәлдігін, ашықтығын және салыстырмалылығын арттыру мақсатында ұлттық парниктік газдар (ПГ) түгендеуіне спутниктік деректерді интеграциялау бойынша өз тәсілдерін таныстырды.

Конференция аясында Қазақстанның спутниктік деректерді және «жоғарыдан төмен» (top-down) тәсілдерді БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы (БҰҰ КӨНК) шеңберінде қолданылатын дәстүрлі түгендеу әдістерін толықтыратын қосымша құрал ретінде пайдалану жөніндегі ұлттық ұстанымы ұсынылды. Сонымен қатар, ұлттық түгендеудің негізі ретінде КӨНК әдіснамасына толық сәйкес профильдік мемлекеттік органдар қалыптастыратын жерүсті мониторингі деректері мен ресми статистика қалатыны атап өтілді.

Климаттық есептілік пен көміртекті реттеу саласындағы ұлттық оператор болып табылатын «Жасыл даму» АҚ парниктік газдар ұлттық түгендеу жүйесінің әдіснамалық және институционалдық негіздерін қалыптастыру мен дамытуға, соның ішінде сапаны бақылау және қамтамасыз ету (QA/QC) рәсімдерін күшейтуге және заманауи аналитикалық құралдарды енгізуге белсенді түрде қатысуда.

Соңғы ұлттық парниктік газдар түгендеуінің деректеріне сәйкес:

  • «Ауыл шаруашылығы» секторы ұлттық ПГ шығарындылары құрылымында екінші орында тұр;
  • «Жерді пайдалану, жер пайдаланудағы өзгерістер және орман шаруашылығы» (LULUCF) секторы қазіргі уақытта таза шығарындылар секторы болып табылады;
  • бұл сектор деректері жайылымдардың, ауыл шаруашылығы және орман алқаптарының ауқымды аумақтарын қамтиды және елдің климаттық саясатын іске асыруда шешуші мәнге ие.

Қазақстанның жоғары табиғи-климаттық әртүрлілігіне ерекше назар аударылды. Ел аумағы құрғақ және шөлейт аймақтарды, далаларды, таулы өңірлерді және кең ауыл шаруашылығы жерлерін қамтиды. Бұл парниктік газдар шығарындылары мен сіңірілімдерінің кеңістіктік таралуына елеулі әсер етіп, әсіресе LULUCF секторында бағалау белгісіздігін арттырады.

Спутниктік бақылауларды қолдану жерді пайдалану карталарын тұрақты жаңарту, жер санаттары арасындағы ауысуларды бақылау, табиғи өрттердің салдарын және экожүйелердің қалпына келуін бағалау, сондай-ақ ауыл шаруашылығындағы метан шығарындыларының үрдістерін талдау және мал басының динамикасы мен өсімдік қалдықтарын өртеу тәжірибесіне байланысты аномалиялық өзгерістерді анықтау үшін аса өзекті болып табылады.

Талқылаулар барысында атмосфералық ағындар мен түгендеудегі шығарындылар көздерінің санаттары арасындағы айырмашылықтарды қоса алғанда, әдіснамалық және институционалдық сын-қатерлер де белгіленді. Осыған байланысты Қазақстан жерді пайдалану деректерін жетілдіру мен сәйкестендіруді, «Ауыл шаруашылығы» және LULUCF секторларында пилоттық жобаларды іске асыруды, сондай-ақ спутниктік деректерді ұлттық QA/QC жүйесіне кезең-кезеңімен енгізуді көздейтін кезеңдік әрі байыпты тәсілді ұстанады.

Конференцияда ұсынылған тәсіл Қазақстанның ғылыми негізделген, орнықты және ашық климаттық есептілік жүйесін қалыптастыруға, сондай-ақ климаттық саясат саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға деген ұмтылысын көрсетеді. Бұл бастамалар 2026 жылы Қазақстанда өтетін Өңірлік экологиялық саммитке дайындықтың бір бөлігі болып табылады. Саммит өңірлік климаттық бастамалар мен шешімдерді талқылауға арналған маңызды алаңға айналады.

Анықтама: Өңірлік экологиялық саммит (RES 2026) – Орталық Азия елдері мен басқа мемлекеттерді климаттың өзгеруі, су ресурстарының тозуы, табиғи ресурстарды тұрақты басқару және басқа да өзекті экологиялық мәселелерді шешу үшін біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шара. RES 2026 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында (Қазақстан) өтеді. Саммитке мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, бизнес және ғылым өкілдерінен тұратын 1500 делегаттың қатысуы күтілуде. RES 2026-ны БҰҰ-мен әріптестік аясында өткізу бастамасын Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында жариялаған болатын. RES 2026 туралы ақпарат https://res2026.kz/ сайтында.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1157610?lang=kk