Қазақстан-Cербия ынтымақтастығының перспективалары ҚР СІМ-де талқыланды
09.02.2026 20:44:38 187
Астана, 2026 жылғы 9 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров Сербия Республикасы үкіметінің халықаралық экономика мәселелеріне жауапты министрі Ненад Поповичпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында саяси ынтымақтастық және сауда-экономикалық ықпалдастықты қоса алғанда кең ауқымды мәселелер талқыланып, 2026 жылға жоспарланған екіжақты іс-шаралар мен сапарлардың күнтізбесі қарастырылды.
«Сербия – Балқан өңіріндегі біздің ең маңызды серіктестеріміздің бірі. Біз аса жоғары және жоғары деңгейлердегі тұрақты саяси диалогты, екі ел парламенттеріндегі достық топтарының өзара іс-қимылын, сондай-ақ Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын қамтитын тиімді институционалдық ынтымақтастық архитектурасын қалыптастырдық», – деп атап өтті Ә.Қуантыров.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 18-19 қарашада Сербияға жасаған ресми сапарының қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ 2025 жылғы 8 тамызда Алматы қаласында өткен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 4-отырысының шешімдерін іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Астана мен Белград арасындағы тікелей әуе қатынасының іске қосылуына қанағаттанушылық білдіріліп, бұл қадам екі ел халықтары мен бизнес қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететіні аталып өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара сенім мен өзара тиімді ынтымақтастық негізінде қазақ-серб қатынастарын одан әрі дамытуға ниетті екендерін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1157937?lang=kk