Шымкентте этномәдени бірлестік өкілдері жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

Шымкентте этномәдени бірлестік өкілдері жаңа Конституция жобасына қолдау білдірді

10.02.2026 16:35:09 145

Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» «Қазақстан мемлекеттілігінің негізі – бірлік пен келісім» тақырыбында этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен ғылыми-сарапшылық топ өкілдері қатысып, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Басқосуда Шымкент қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі, Ө.Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің департамент директоры Қайрат Анарбаев жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына жан-жақты тоқталды. Ол Ата Заңның жаңартылған нұсқасы ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

– Жаңа Конституция жобасын нағыз халықтық Конституция деуге толық негіз бар. Преамбуладан бастап оң өзгерістер анық байқалады. Конституцияның жаңа редакциясында Кіріспе бөлімі толығымен жаңарып, онда Ұлы даланың мыңжылдық тарихына сүйене отырып, Ата Заңның негізгі мақсат-міндеттері айқындалған. Сонымен қатар, жаңа редакцияда адам капиталы, білім, ғылым және инновация мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық бағыттары ретінде белгіленіп отыр. Ең бастысы, адамның құқығы мен өмірі ең жоғары құндылық ретінде айқындалды, – деді Қайрат Сапарханұлы.

Пікір алмасу барысында қалалық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлжан Сүгірбаева жаңа Конституция жобасында дәстүрлі ұлттық құндылықтарды сақтау мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған жүйелі өзгерістер қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Аналар кеңесінің осы бағыттағы жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Іс-шара барысында қалалық ассамблея төрағасының орынбасары, қалалық корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Пан, қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Рамиля Искандерова және өзге де этномәдени бірлестік өкілдері сөз сөйлеп, жаңа Конституция жобасына қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдірді.

Дөңгелек үстел қатысушылары жаңа Конституция жобасын кеңінен талқылап, толық қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.