Олжас Бектенов Президентке ел экономикасын нығайту жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы баяндады
10.02.2026 18:16:52 150
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Премьер-министр Мемлекет басшысының ел экономикасын одан әрі нығайту жөніндегі тапсырмаларына және Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған стратегиялық мақсаттарға сәйкес Үкімет 2025 жылы жүйелі өзгерістерге бағытталған бірқатар шаралар қабылдағанын атап өтті.
Салық, тариф және бюджет саясаты, цифрландыру және құрылыс салалары, сондай-ақ әлеуметтік бағыт бойынша қабылданған шешімдер экономиканың дамуына кедергі келтіріп отырған құрылымдық теңгерімсіздіктерді кезең-кезеңімен жоюға бағытталған.
Салық және бюджет реформасының нәтижесінде Ұлттық қордан нысаналы трансферттерді тартпай-ақ, елдің үш жылдық бюджетін қалыптастыру мүмкін болды. Бұл 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,9%-ына дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін төмендейді.
Жүргізілген реформалар аясында 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың орнықты өсімі сақталды. Ақшалай мәнде жалпы ішкі өнімнің өсімі 20,1 млрд АҚШ долларын құрады.
Жалпы алғанда, 2025 жылы ЖІӨ өсімі 6,5% деңгейінде қалыптасты. Экономикалық өсім негізгі салалардың жедел дамуымен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, көлік саласы 17,8%-ға, құрылыс – 14,6%-ға, тау-кен өнеркәсібі – 17,4%-ға, өңдеу өнеркәсібі – 12,2%-ға, сауда – 26%-ға, ауыл шаруашылығы – 5,9%-ға өсті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kalasy-akimat/press/news/details/1158714?lang=kk