Алматыда адал бәсекелестіктің қалай дамып жатқанын баяндады
12.02.2026 16:06:28 171
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматыдағы департаментінің былтырғы жұмысын қорытындылаған баспасөз конференциясы болып өтті. Онда департамент басшысы Нұржан Нұрланұлы басты жетістікті, анықталған заң бұзушылықтар мен адал бәсекелестіктің қалай дамып жатқанын баяндады. Жиында тұтынушы мен кәсіпкердің құқығын қорғауға, тауар нарқындағы заң бұзушылықты төмендетуге көп көңіл бөлінгені айтылды.
Спикердің айтуынша, монополияға қарсы органның негізгі міндеті — бәсекелестікті дамытуға жәрдемдесу, заң бұзушылықтың алдын алу мен олардың дер кезінде жолын кесу екен. Осы мақсатта департамент тауар нарықтарына талдау жүргізеді, хабарламалар мен нұсқамалар шығарады, тергеп-тексереді, қажет болған жағдайда сотқа жүгінеді, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындарды құрып, олардың қызметін де келіседі.
«Біздің жұмысымыз заң бұзушылықты анықтау ғана емес, оның алдын алуға да бағытталған. Біз нарықты талдап, бәсекелестік деңгейін бағалаймыз, бизнес пен тұтынушылар үшін қолжетімділіктің шектелу қаупін алдын ала байқасақ, дер кезінде әрекет етеміз. Мұндай тәсіл нарықтық ортаны жүйелі түрде сауықтыруға мүмкіндік береді», — дейді Нұржан Нұрланұлы.
2025 жылы департамент Алматының нарқындағы бәсекелестікке 14 рет талдау жасады. Олардың қатарында авиациялық отынды көтерме және бөлшек саудада өткізу, тұрғын үйді бастапқы сату, сондай-ақ электр энергиясын көтерме саудада өткізу нарықтары бар. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша 23 хабарлама мен 6 нұсқама енгізілді, 16 тергеп-тексеру аяқталып, 16 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Салынған және өндірілген айыппұлдың жалпы сомасы 4,6 млрд теңгеден асты. Негізгі ден қою шаралары үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері бойынша қабылданды. Барлығы 9 жағдай тіркелді.
Баспасөз конференциясы барысында Нұржан Нұрланұлы департаменттің заң мен сот рәсімдері шеңберінде қатаң әрекет ететінін атап өтіп, мысал келтірді. Атап айтқанда, тұтынушылардың өтінішімен «Алсеко» компаниясының коммуналдық қызметтер үшін шот-түбіртек қалыптастыру қызметі қаралды. Тергеу қорытындысы бойынша құқықтық ұстаным қалыптасып, ол бірінші сатыдағы сотта қолдау тапқан. Бұл істі сотта әлі талқылап жатыр.
«Біз үшін тұрғындар мен бизнестің мүддесін қорғау аса маңызды. Егер сот біздің ұстанымды түпкілікті қолдаса, бұл қаладағы барлық тұтынушының құқығын қорғауға мүмкіндік береді. Біз барынша ұқыпты әрі тек құқықтық алаңның шеңберінде әрекет етеміз», — деп атап өтті департамент басшысы.
Сондай-ақ электр энергиясы, әуе тасымалы, зертханалық қызмет пен жылумен жабдықтауға қатысты мәселелер де қаралды. Кейбір жағдайда департамент кәсіпкерлерге қосымша қаржылық жүктеме түсіруі немесе тұтынушылардың құқықтарын шектеуі мүмкін шарттарды анықтады. Біраз компанияға хабарлама жолданып, кейбір заң бұзушылықтар сотқа дейінгі тәртіппен жойылды, өзге эпизодтар бойынша тергеп-тексеріп жатыр.
Қабылданған іс-шаралар Алматы тұрғындары үшін жылу энергиясына қайта қосылу құнын төмендетуге мүмкіндік беріп, тариф құрамынан пайда алынып тасталды. Сонымен қатар зертханалық қызметтер нарығындағы шарт талабы түзетіліп, адал бәсекелестікке қосымша мүмкіндік жасалды.
«Монополияға қарсы реттеу — бұл мүдделер теңгерімі, ашық ойын ережелері және нарықтың барлық өкілі үшін тең жағдай жасау деген сөз. Біздің мақсатымыз — бизнес те, тұтынушы да өзінің қорғалғанын сезініп, жүйеге барынша сенім артуы», — деп түйіндеді сөзін Нұржан Нұрланұлы.
Департаментте Алматыда бәсекелестікті дамыту мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс нарықтарды талдау, сот тәжірибесі мен азаматтардың өтініштері негізінде жалғасатыны атап өтілді.