Қазақстан мен Эстония ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда
13.02.2026 08:09:20 136
Таллин, 2026 жылғы 11-12 ақпан – Эстония делегациясының Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары (2025 жылғы 15-17 қараша) барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың еліміздің экспорттық әлеуетін кеңейту және логистикалық маршруттарды әртараптандыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Таллин қаласына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Е. Кенжеханұлы бастаған қазақстандық делегация келді.
Делегация құрамына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары М.Тасмағанбетов, Ақмола облысы әкімінің орынбасары М.Балпан, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы А. Жұмашев, сонымен қатар дәнді және майлы дақылдарды, өсімдік майын экспорттаушы жетекші компаниялардың, ет және ет өнімдерін өндірушілердің, көлік-логистикалық компаниялардың өкілдері кірді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаушылар «Силламяэ» портының (Эстониядағы екінші ірі және Балтық елдеріндегі бесінші теңіз сауда порты), «Таллин порты» (Эстониядағы ең ірі порт ұйымы, Мууга астық терминалын қоса алғанда төрт портты басқарады) және Эстонияның жетекші трейдерлік компанияларының өкілдерімен кездесу өткізді.
«Силламяэ» және «Таллин» порттарының өкілдері терминалдардың мүмкіндіктерін, соның ішінде астық пен сусымалы жүктерді ауыстырып тиеу қуатын, сондай-ақ порттардың Балтық жағалауындағы маңызды логистикалық хаб ретіндегі тиімді географиялық орналасу артықшылықтарын таныстырды.
Кездесуде көлік маршруттарын оңтайландыру, ауыстырып тиеу қуаттарын дамыту, дәнді және майлы дақылдарды тұрақты жеткізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ Қазақстаннан келетін экспорттық жүктерді өңдеу үшін порт инфрақұрылымының тиімділігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, Эстонияның Ауыл шаруашылығы министрлігінде Эстония Республикасының Асыл тұқымды мал өсірушілер қауымдастығымен кездесу өтті.
Келіссөздер барысында тараптар логистика және ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау, сондай-ақ асыл тұқымды мал импорты саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.
Қазақстандық делегация Эстонияның ауыл шаруашылығын цифрландыру саласындағы тәжірибесіне қызығушылық танытып, Қазақстанға ірі қара мал (ІҚМ) импорттау мүмкіндіктерімен танысты.
Эстон тарапы қазақстандық жеткізушілермен ынтымақтастық көлемін арттыруға мүдделілік білдіріп, ұзақ мерзімді әріптестік қатынастарды дамытуға дайын екенін растады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар экспорттық ағындарды ұлғайту және Қазақстан мен Эстония арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайту мақсатында логистикалық шешімдер мен коммерциялық шарттарды егжей-тегжейлі пысықтауды жалғастыруға келісті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tallin/press/news/details/1160736?lang=kk