Саяси реформалар мен конфессияаралық диалог - Қазақстан Елшісінің кардинал Луис Антонио Таглемен кездесуінің күн тәртібінде

Саяси реформалар мен конфессияаралық диалог - Қазақстан Елшісінің кардинал Луис Антонио Таглемен кездесуінің күн тәртібінде

13.02.2026 16:16:06 129

2026 жылғы 13 ақпанда Елшіліктің бастамасымен Қазақстан Республикасының Елшісі Тимур Пірімбетовтің Қасиетті Тақтың Евангелизация жөніндегі Дикастериясының про-Префектісі кардинал Луис Антонио Таглемен кездесуі өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Елшісі сұхбаттасын Қазақстан Республикасында мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға және демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған ауқымды саяси реформалар туралы хабардар етті. Ерекше назар жаңа Конституцияның қабылдануына, сондай-ақ Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайтуға арналған бастамаларына, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізуге аударылды.

Өз кезегінде кардинал Л.Тагле Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды құптап, олардың қоғамды одан әрі демократияландыру, әлеуметтік әділеттілікті нығайту және «Әділетті Қазақстанды» құру үшін маңызын атап өтті. Кардинал қоғамдық келісімді сақтау мен әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы диалогты дамытуға бағытталған күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығына ерекше назар аударды.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан Республикасы мен Қасиетті Тақ арасындағы өзара іс-қимылды дамыту және рухани-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Анықтама: Қасиетті Тақтың Евангелизация жөніндегі Дикастериясы Рим Куриясының негізгі құрылымдарының бірі болып табылады және оны Рим Папасы басқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vatican/press/news/details/1161364?lang=kk