Алматы облысында жаңа Конституцияны қолдайтын өңірлік коалиция құрылды

Алматы облысында жаңа Конституцияны қолдайтын өңірлік коалиция құрылды

13.02.2026 16:41:18 134

«Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалициясын құру жөніндегі республикалық бастама аясында Алматы облыстық коалициясы құрылды.

Облыста коалиция құрамына 300-ден астам адам кірді. Олардың қатарында мәслихат төрағалары мен депутаттары, саяси партия филиалдарының жетекшілері, заңгерлер, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сарапшылар, кәсіподақ және жастар бірлестіктерінің мүшелері бар.

Өңірлік коалиция жетекшісі Қуат Байғожаевтың айтуынша, коалицияның басты мақсаты – Конституциялық өзгерістердің мән-маңызын тұрғындарға кеңінен түсіндіру, қоғамдық пікір алмасу алаңдарын ұйымдастыру және реформаларды қолдауға бағытталған бірлескен іс-шараларды өткізу.

«Жаңа Конституция саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған. Құжатты әзірлеу барысында азаматтар мен сарапшылардан мыңдаған ұсыныс түсті. Бұл оның ашық форматта дайындалғанын көрсетеді. Өңірде біз халықпен кездесулер өткізіп, негізгі өзгерістер туралы ақпарат береміз», – деді Қуат Байғожаев.

Алатау қалалық коалиция жетекшісі Роза Абилова да Негізгі заң жобасының маңызына тоқталды.

- «Құжатта азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мәселесіне ерекше мән берілген. Сонымен қатар мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру көзделген. Сондықтан тұрғындардың референдум қарсаңында ұсынылып отырған өзгерістермен танысуы маңызды», – деді Роза Абилова.

Өңірлік коалиция алдағы уақытта облыс аумағында ақпараттық-түсіндіру кездесулерін, ашық диалог алаңдарын және қоғамдық талқылауларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар шалғай елді мекендердегі тұрғындармен де кездесулер өткізу көзделген.

Айта кету керек, жаңа Конституция бойынша республикалық референдум 15 наурызда өтеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1161422?lang=kk