Казахстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды нығайтуды жалғастыруда

Казахстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды нығайтуды жалғастыруда

13.02.2026 16:58:34 181

Бішкек, 2026 жылғы 13 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Бішкек қаласына ресми сапары аясында Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаевпен кездесті.

Келіссөздер барысында сыртқы саяси ведомстволардың басшылары қазақ-қырғыз ынтымақтастығының кең ауқымды мәселелерін талқылады.

Қазақстан Сыртқы істер министрі мемлекеттер басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында екіжақты қатынастар өзара іс-қимылдың сапалы жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

«Жоғары деңгейдегі өзара сапарлардың қорытындысы бойынша бауырлас қазақ-қырғыз қатынастарын одан әрі нығайтудың нақты бағыты айқындалды. Өз тарапымыздан Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ынтымақтастықты мәңгілік достық пен тату көршілік рухында жан-жақты дамыту үшін бар күш-жігерімізді салуға ниеттіміз», – деді Е.Көшербаев.

Өз кезегінде Ж.Кулубаев бауырластық пен тату көршілік қағидаттарына негізделген екі мемлекет арасындағы одақтастық қатынастардың дәйекті дамып келе жатқанын растады.

Тараптар соңғы жылдары жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыру шараларын жан-жақты талқылап, үкіметаралық өзара іс-қимыл желісі бойынша байланыстарды одан әрі нығайтуға дайын екендерін білдірді.

«Қазақ-қырғыз қатынастары қарқынды дамып келеді. Екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жылдан жылға нығаюда, және Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды жан-жақты тереңдетуге ниеттіміз», – деп атап өтті Е.Көшербаев.

ҚР СІМ басшысы Қазақстан Қырғызстанның ең ірі үш сауда серіктесінің қатарында берік орын алып отырғанын айтты. Өзара сауда көлемі 2 млрд АҚШ долларын құрады, және бұл көрсеткішті 3 млрд долларға дейін арттыру мақсаты қойылған. Бұған тауар айналымы номенклатурасын әртараптандыру, өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту және жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, оның ішінде трансшекаралық Индустриялық сауда-логистикалық кешен құру ықпал ететін болады, оның іске қосылуының мультипликативтік әсері қазақ-қырғыз ынтымақтастығының барлық бағыттарына таралады.

Е.Көшербаев соңғы 20 жылда қазақстандық компаниялардың қырғыз экономикасына салған инвестициялары 1,4 млрд АҚШ долларын құрағанын атап өтті, сонымен қатар екі елдің мүддесіне инвестициялық өзара іс-қимыл аясын кеңейту сәйкес келеді. Осыған байланысты сыртқы саяси ведомстволардың басшылары ынтымақтастықтың елеулі әлеуетін атап өтіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларында өзара тиімді ықпалдастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екендерін білдірді.

Екі бауырлас халық арасындағы берік әрі ұзақ мерзімді қатынастардың негізі – мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету перспективалары жеке қарастырылды. Тараптар өткізілетін іс-шаралардың қарқындылығына қанағаттанушылық білдірді. Өткен жылы Қырғызстанда Қазақ киносының күндері, Қазақстан-Қырғызстан Жастар форумының 3-отырысы, сондай-ақ Бішкек қаласында «Алтын көпір» ескерткішінің салтанатты ашылуы өтті. Қазақстанда Ш.Айтматовтың аттас повесі негізінде қойылған «Жәмилә» мюзиклінің премьерасы өтті. Биылғы қаңтар айында Астанада Қырғыз киносының күндері табысты ұйымдастырылды.

Кездесу барысында министрлер өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша да пікір алмасты. БҰҰ аясында тығыз өзара іс-қимылға бейілділіктерін және екі мемлекеттің халықаралық бастамаларын ілгерілету барысында өзара қолдау көрсетуге дайын екендерін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан Сыртқы істер министрлері кеңесі алаңында да ведомствоаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайындық расталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1161450?lang=kk