Кәсіпкерлік грантқа 200 миллион теңге бөлінді

Кәсіпкерлік грантқа 200 миллион теңге бөлінді

14.02.2026 09:30:33 170

Алматы облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 200 миллион теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы хабарлады.

Гранттар әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыратын кәсіпкерлерге бағытталған. Атап айтқанда, әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамтып отырғандар, мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсетіп, арнайы тауар өндіретіндер және қоғамға пайдалы өзге де іспен айналысатын кәсіпкерлер қатыса алады.

Бір жобаға берілетін максималды қаржы көлемі – 5 миллион теңге. Грантқа қатысу үшін үміткерлер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіміне тіркелуі қажет. Өтінімдер KEZEKTE.KZ ақпараттық жүйесі арқылы қабылданады.

Мысалы, өткен жылы өңірде 28 жобаға 140 миллион теңге бөлінген. Мамандардың айтуынша, мұндай қолдау жаңа бизнес бастамаларды іске асыруға және жастардың кәсіпкерлікке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Райымбек Иемберді құжат қабылдау мерзімін нақтылады.

«Наурыз айының 1 мен 15 аралығында әлеуметтік кәсіпкерлік реестріне тіркелу үшін құжаттар қабылданады. Кәсіпкерлерді Алматы облысының кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына келіп, құжаттарын қолма-қол тапсыруға шақырамыз. Реестрге тіркелу арқылы грант иегері атануға үлкен мүмкіндік бар екенін хабарлаймыз», – деді ол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1161838?lang=kk