Қорғаныс министрлігінің «Жұлдызды жігіттері» Jaidarman TOP жоғары лигасына жолдама алды

Қорғаныс министрлігінің «Жұлдызды жігіттері» Jaidarman TOP жоғары лигасына жолдама алды

14.02.2026 12:24:53 139

Астанада Қазақстан Жайдарман одағы 22-ші маусымының ресми ашылуы «Маусымашар-2026» республикалық фестивалі өтті.
«Кино маусымы» деп аталған дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық команда қатысты. Оның ішінде Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлім офицерлерінен құралған команда мен әскери оқу орындарының курсанттары да бар.
Әскери командалар сахнаға ерекше дайындықпен шықты. Былтыр «Қазақстан CUP» лигасында үздік үштіктен көрінген «Жұлдызды жігіттер» құрама командасы командир мен жеке құрам арасындағы байланысты сахнада шебер бейнелесе, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының «Жұлдызды курсанттары» мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының «Байланыс жігіттері» оқу орны қабырғасындағы қызықты сәттерін әзілмен ұштастыра білді. 
– 2010 жылдары Жайдарман сахнасында әскери командалар жиірек өнер көрсететін. Тіпті, «Сарбаздар кубогы» деген жарыс та өткен. Соңғы екі жылда жауынгерлерден құралған жайдарманшылар қайта жанданып келе жатқаны қуантады. Әскери өмірді, Отан қорғауды насихаттау арқылы ел қорғайтын жастарды тәрбиелеу – барлығымыздың ортақ міндетіміз, – деді «Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен.
Өнер мен әзілге шебер жауынгерлер әскери өмірдің қатаң тәртібін сахнада әзілмен әрлеп, музыкалық нөмірлер арқылы көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қызыққа толы сайыстың қорытындысында «Жұлдызды жігіттер» Jaidarman TOP жоғары лигасына жолдама алды. Ал курсанттарымыз «Қазақстан CUP» лигасында өнер көрсететін болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1161861?lang=kk