Куала-Лумпурда Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні аталып өтті

Куала-Лумпурда Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні аталып өтті

16.02.2026 10:49:13 87

Куала-Лумпур қаласындағы Түркия Елшілігінің алаңында 15 желтоқсанды ЮНЕСКО шешімімен Түркі тілдерінің дүниежүзілік күні ретінде белгілеуге арналған мәдени іс-шара өтті.

Аталған шешім 2025 жылғы қараша айында Самарқанд қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 43-ші Бас конференциясында қабылданды. 15 желтоқсан күні тарихи оқиғамен — түркі халықтарының көне жазба дәстүрін әлемге танытқан Орхон жазбаларының оқылуымен байланысты.

Іс-шараға Малайзиядағы Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан елшілері, дипломаттар, академиялық орта өкілдері және қоғам қайраткерлері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстанның Малайзиядағы Елшісі Булат Сүгірбаев аталған қарардың қабылдануы ортақ тарих пен мәдени мұраны ескере отырып, түркі халықтары арасындағы мәдени диалог пен ынтымақтастықты нығайтудың заңды әрі маңызды қадамы екенін атап өтті. Қазақстан түркі тілдер отбасының ажырамас бөлігі болып табылатын қазақ тілін дамытуға және оның халықаралық қарым-қатынас құралы ретіндегі рөлін арттыруға дәйекті түрде қолдау көрсетіп келеді.

Түркияның Малайзиядағы Елшісі Эмир Салим Юксель Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнінің бекітілуі түркі мемлекеттері арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашатынын атап өтті.

Іс-шараның мәдени бағдарламасын қазақстандық студенттердің домбырадағы орындауы көркемдей түсті.

Кездесу қорытындысы бойынша түркітілдес мемлекеттердің елшілері мұндай іс-шараларды Малайзияда тұрақты түрде өткізуге және Түркі тілдерінің дүниежүзілік күнінің алғашқы жылдығын ү.ж 15 желтоқсанда Куала-Лумпурда бірлесіп атап өтуге уағдаласты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuala-lumpur/press/news/details/1162174?lang=kk