Жаңа Конституция жобасы дипломатиялық корпус, халықаралық институттар және сарапшыларға таныстырылды

Жаңа Конституция жобасы дипломатиялық корпус, халықаралық институттар және сарапшыларға таныстырылды

16.02.2026 20:00:57 148

Астана, 2026 жылғы 16 ақпан – Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен Конституциялық реформа жөніндегі комиссия жұмысының қорытындылары бойынша дипломатиялық корпус үшін брифинг өтті. Іс-шараға Қазақстанда аккредиттелген дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың шамамен 80 өкілі, сондай-ақ сарапшылар қатысты.

Брифинг Комиссия төрағасы және Конституциялық Сот басшысы Э.Азимованың және Комиссия мүшелерінің, соның ішінде Әділет министрі Е.Сәрсембаевтың, Конституциялық Сот төрағасының орынбасары Б.Нұрмұхановтың, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл А.Ластаевтың, Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Иcетовтың, сондай-ақ Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы М.Мырзағараевтың қатысуымен ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясы жобасының негізгі жаңалықтарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен іске асырылып жатқан реформаның тұжырымдамалық негіздерін таныстырды.

«Конституция жобасында Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы өзгеріссіз қалады. Конституцияға өзгерістер тек жалпыұлттық референдум нәтижелері бойынша енгізіледі. 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдум қазақстандықтардың елдің одан әрі даму жолын айқындайтын жауапты таңдау күні болады», - деп айтты брифинг барысында Э.Азимова.

Конституция биліктің теңгерімді әрі есеп беретін моделін қалыптастырады, бір палаталы Құрылтайға көшуді көздейді және сонымен қатар Құрылтайда заң шығару бастамасы құқығына ие азаматтардың өкілді органы ретінде Халық Кеңесі үшін құқықтық негізді бекітеді. Оның құрылу және қызмет тәртібі жеке конституциялық заңмен айқындалады.

Брифинг барысында Конституция жобасының Республиканың сыртқы саясатының құқықтық аспектілеріне де қатысты ережелері түсіндірілді.

Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Иcетов «конституциялық жаңашылдықтар мемлекетіміздің халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына және ел дамуының жаңа кезеңіне көшу жағдайындағы ұлттық басымдықтарға берік бейілділігін жан-жақты көрсетеді. Қазақстан Республикасының халықаралық ынтымақтастық моделінің негізіне БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттары және қабылданған барлық халықаралық міндеттемелерді адал орындау қағидаты қаланған» деп атап өтті.

Халықаралық шарттар елдің құқықтық жүйесінің бір бөлігі болып қала беретіні және міндетті түрде орындалуға жататыны айтылды.

Кездесу қорытындысы бойынша дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдар өкілдері Қазақстан Республикасындағы конституциялық реформалар процесінің ашықтығы мен айқындығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1162907?lang=kk