Қазақстан мен Кувейт мұнай саласындағы серіктестікті тереңдетуде

Қазақстан мен Кувейт мұнай саласындағы серіктестікті тереңдетуде

17.02.2026 08:09:47 218

Әл-Кувейт, 2026 жылғы 16 ақпан – Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Kuwait Oil Company компаниясының атқарушы директоры Ахмад Әл-Эйданмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар көмірсутектерді барлау және өндіру саласындағы тәжірибе алмасу, мұнай өңдеуді дамыту және салалық кадрларды даярлау мәселелерін қоса алғанда, Қазақстан мен Кувейттің мұнай саласындағы өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты.

Сонымен қатар қазақстандық мұнай сервистік компаниялардың технологиялық және сервистік міндеттерді іске асыруға қатысу мүмкіндіктері, оның ішінде инжиниринг, бұрғылау жұмыстары және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету салалары талқыланды.

Өндірістік және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қазақстандық инженерлер мен техникалық мамандарды тарту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мұнай-газ саласында қазақстандық кадрларды даярлаудың жоғары деңгейі және олардың Қазақстан Республикасының аумағында іске асырылып жатқан ірі халықаралық жобаларға, соның ішінде Теңіз және Қашаған кен орындарын игеру жобаларына қатысу тәжірибесі атап өтілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Кувейттің бейінді құрылымдары арасындағы практикалық өзара іс-қимылдың нақты бағыттарын пысықтауға және салалық диалогты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін растады.

Kuwait Oil Company – мұнай барлау, өндіру және сақтау саласына жауап беретін Кувейттің мұнай секторындағы негізгі мемлекеттік компания. Компания елдің негізгі мұнай кен орындарын басқарады және ұлттық мұнай өндіру көлемінің елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Кувейтте мұнай өндіру көлемі тәулігіне шамамен 2,5-2,7 млн баррельді (жылына 120 млн тоннадан астам) құрайды. Компанияда шамамен 11-12 мың қызметкер жұмыс істейді, олардың ішінде 1,5 мыңнан астамы – шетелдік мамандар. Олар негізінен Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен (Үндістан, Пәкістан, Бангладеш, Филиппин), сондай-ақ бірқатар араб және батыс мемлекеттерінен тартылған. Шетелдік қызметкерлер қатарында Қазақстан Республикасының азаматтары да бар, олардың саны 50-ден асады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-kuveyt/press/news/details/1162940?lang=kk