Көктемгі су тасқынына әзірлік

Көктемгі су тасқынына әзірлік

17.02.2026 17:05:22 154

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың қатысуымен өткен әкімдік отырысында 2026 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық мәселесі қаралды. Жиынға облыстық департаменттер, басқармалар мен жауапты мекемелердің басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы бірқатар өңірлерде су тасқынының болуына ерекше назар аударды.

Бүгінгі таңда облыста материалдық-техникалық жабдықтау және Жедел штабтың жұмысы оң нәтиже көрсетіп отыр.

«Су тасқыны қаупі бар өңірлер үшін шамамен 1 млрд теңгеге 50 бірлік техника сатып алынды. Оның ішінде 7 жоғары өтімді техника, 3 вахталық автокөлік, 20 жол талғамайтын техника бар. Қарасу ауданында салынған су бұру арнасы елді мекендерді су басу қаупін төмендетіп, өзінің тиімділігін дәлелдеді», – аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Өңірде 32 қорғаныс бөгеті тұрғызылып нығайтылды, Тобыл өзені бойында жағалауды бекіту жұмыстары жүргізілді, автомобиль жолдарында 2 мыңнан астам су өткізу құрылыстары мен кәріз жүйелері тазартылды. Жолдардың 13 учаскесінде 38 су өткізу құбыры орнатылды. 9 гидротехникалық құрылыста қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

Қазіргі кезеңде өңірлерден 1,3 млн текше метрден астам қар шығарылды. Резервте шамамен 4 млрд теңге қарастырылған.

Қазіргі уақытта мұзды жару орындары анықталды.

Биыл жедел штаб ағымдағы жылдың 1 наурызында өз жұмысын бастайды.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1163591?lang=kk