Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына бақылау күшейтілді

Қарағанды облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасына бақылау күшейтілді

17.02.2026 18:00:46 186

2026 жылдың басынан бастап Қарағанды облысының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмысты күшейтті. ӘМАТ тізбесінің кеңеюіне байланысты бизнес өкілдерімен түсіндіру шаралары жүргізілді. Бақылау жұмыстары 15% сауда үстемесінің артық белгіленуінің алдын алуға және оны жедел тоқтатуға бағытталған.

Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша 15 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды: оның ішінде 6 көтерме жеткізуші, 4 супермаркет және 5 шағын дүкен. Айыппұлдардың жалпы сомасы 934 мың теңгені құрады. Құқықбұзушылықтар сүт, күріш, тауық еті, күнбағыс майы, жұмыртқа, ұн, тұз, сондай-ақ тізімге жаңадан енгізілген әлеуметтік маңызы бар өнімдерін сату кезінде анықталған.

Қосымша, ҚР ӘҚБтК-нің 193-бабы 4-бөлігі бойынша (баға жапсырмаларының сәйкес келмеуі) 2 құқықбұзушылық фактісі тіркелді.

Мәселен, бір кәсіпкер қарақұмық жармасын сатып алу бағасы 294 теңге бола тұра, 370 теңгеден сатқан. Сауда үстемесі 26%-ды құрап, белгіленген шектен асқан.

Тағы бір жеткізуші қырыққабатты келісін 100 теңгеден сатып алып, сауда желілеріне 135 теңгеден өткізген. Сауда үстемесі 35%-ға жеткен. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде көтерме жеткізушіде де, сауда желілерінде де баға төмендетілді.

Сонымен қатар, ӘМАТ тізіміне кіретін қияр, қызанақ және алма бойынша да заңбұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, бір кәсіпкер алманы килограмын 300 теңгеден сатып алып, сауда желілеріне 710 теңгеден өткізген. Сауда үстемесі 136%-ды құраған.

Анықталған барлық фактілер бойынша кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде тұтынушылар үшін түпкілікті бағалар төмендетілді.

Қабылданған шаралар баға жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік берді: жыл басынан бері бірқатар позициялар бойынша бұрынғы деңгейге қарағанда төмендеу байқалды. Мысалы күріш (93,1%), тауық еті (92,0%), сүт (98,8%), алма (98,3%), тұз (92,2%) деңгейінде сақталып отыр.

Көтерме және бөлшек сауда бағаларына мониторинг, сондай-ақ электрондық шот-фактураларды талдау тұрақты негізде жалғасуда. Департамент кәсіпкерлерді заң талаптарын сақтауға, ал азаматтарды бағаны негізсіз көтеру фактілері туралы E-Otinish платформасы арқылы хабарлауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1163659?lang=kk