Қазақстанның конституциялық жаңғыруы: референдум қарсаңындағы Нидерландтағы халықаралық сарапшылық диалог

Қазақстанның конституциялық жаңғыруы: референдум қарсаңындағы Нидерландтағы халықаралық сарапшылық диалог

18.02.2026 14:03:04 237

Гаага, 2026 жылғы 17 ақпан – Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан конституциялық реформаларды халықаралық ақпараттық-талдамалық деңгейде сүйемелдеу аясында Қазақстан Республикасының Нидерланд Корольдігіндегі Елшілігі LINKS Europe Foundation қорының директоры әрі тәуелсіз талдамалық commonspace.eu порталының бас редакторы Деннис Саммут мырзамен кездесу өткізді.

Анықтама: commonspace.eu – Гаагада орналасқан тәуелсіз талдамалық платформа. Ол Еуропа және оның шығыс пен оңтүстік көршілес өңірлері, соның ішінде Орталық Азия мен Қазақстан мәселелеріне маманданған. Портал сарапшылық мақалалар, талдамалық шолулар, Concise ақпараттық бюллетені мен Unpacked подкасттарын жариялап, сарапшылар, саяси орта өкілдері және шешім қабылдайтын тұлғалар арасында пікірталас алаңын қалыптастырады. Ресурс қауіпсіз әрі өркендеген Еуропа тұжырымдамасын көршілес өңірлермен әріптестік негізінде ілгерілететін LINKS Europe Foundation қорының басқаруында.

Деннис Саммут мырза – посткеңестік кеңістік бойынша танымал сарапшы, Лондон экономика мектебінің түлегі және Оксфорд университетінің докторы. Ол Кавказдағы бейбітшілік үдерістерін дамытуға қосқан үлесі үшін Британ империясы орденімен марапатталған.

Диалог барысында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасының тұжырымдамалық негіздері, саяси жүйені институционалдық трансформациялаудың логикасы және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың стратегиялық параметрлері жан-жақты таныстырылды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының V Ұлттық құрылтайдағы сөйлеген сөзінің негізгі қағидаттарына, сондай-ақ Президенттің «Turkistan» газетіне берген сұхбатында айқындалған стратегиялық басымдықтарға ерекше назар аударылды.

Д. Саммут мырза Қазақстанның дамуын көптеген жылдар бойы мұқият қадағалап келе жатқанын атап өтті. Ол елімізде жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың жүйелілігі мен тереңдігін жоғары бағалады. Оның пікірінше, Қазақстан институционалдық тұрғыдан орнықты әрі серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде қалыптасып, Орталық Азия өңірінде конструктивті әрі тұрақтандырушы рөл атқарып отыр. Сонымен қатар елдің көпвекторлы сыртқы саясат стратегиясының маңыздылығы және жаһандық қауіпсіздік пен даму архитектурасындағы өзгерістерге бейімделу қабілеті ерекше атап өтілді. Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси жаңғыртудың жаңа кезеңін қалыптастырудағы рөліне назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сарапшылық өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға және талдамалық диалогты кеңейтуге өзара мүдделілік білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-hague/press/news/details/1164270?lang=kk