Найробиде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша бизнес-форум өтті

Найробиде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бойынша бизнес-форум өтті

18.02.2026 17:43:54 245

Найроби, 2026 жылғы 17 ақпан – Қазақстан Республикасының Елшілігі Кения Сауда-өнеркәсіп палатасымен бірлесіп сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық бойынша бизнес-форум ұйымдастырды. Іс-шараға Кенияның Ақпарат, коммуникациялар және цифрлық экономика министрінің орынбасары С.Исабоке мырза, Сауда-өнеркәсіп палатасының ұлттық директоры К. Ондитти, Кения Сыртқы істер министрлігінің Экономикалық істер және коммерциялық дипломатия департаментінің директоры Э.Матура, «KenInvest» ұлттық компаниясы департаментінің директоры П.Ротич, сондай-ақ 25-тен астам кениялық бизнестің басшылары мен өкілдері қатысты.

«QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ, «Қазақ экспорттық несие агенттігі» АҚ, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, NS Art Venture Labs және TransAsia Logistics сияқты қазақстандық тараптың өкілдері онлайн режимінде қатысып, өз ұйымдарының қызметін таныстырып, Қазақстанмен екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың қазіргі жағдайы мен перспективалары туралы өз бағаларымен бөлісті.

Елші Б.Садықов өз сөзінде қатысушыларды Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси реформалар, ұлттық экономиканы дамыту жоспарлары және Кениямен ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, АКТ, ғарыш, энергетика, туризм, құрылыс және басқа да салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалары туралы хабардар етті.

Кенияның Ақпарат, коммуникациялар және цифрлық экономика министрінің орынбасары С.Исабоке Кенияның Қазақстанмен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі екенін, сондай-ақ жоғары дамыған инфрақұрылымға, жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайларға және экономиканың әртүрлі салаларындағы білікті мамандарға ие екенін атап өтті. Сондай-ақ, Кенияның құрлықтағы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бірі, өңірлік логистикалық хаб және Шығыс Африка елдерімен сауданы дамытудың теңіз қақпасы екенін атап өтті. Қазақстанның цифрлық трансформациядағы жетістіктерін жоғары бағалап, екі елдің электрондық үкімет жүйелері, қаржылық технологиялар, киберқауіпсіздік және стартап-инкубация салаларында тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырды.

Форумның нәтижесі бойынша Кения Сауда-өнеркәсіп палатасы екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту үшін негіздемелік бағдарлама дайындауды, сондай-ақ кениялық бизнесмендерден тұратын делегацияны іскерлік кездесулер өткізу және екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылау үшін олларды Қазақстанға жіберу бойынша уағдаластыққа қол жеткізілді. Сонымен қатар, Кения Сауда палатасы Қазақстандағы кениялық экспорттаушылар үшін өнімді сертификаттау талаптары, реттеуші және сәйкестік бойынша нұсқаулық, логистика және жеткізу тізбегі бойынша кеңестері енгізілген нарыққа кіру туралы ақпараттық парақша дайындайтын болады.

Бизнес-форум аясында кофе, шай, гүлдер және цитрус жемістерін экспорттауға маманданған бірқатар кениялық компаниялардың өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, Кенияның іскерлік қауымдастығының өкілдері арасында Қазақстанмен ынтымақтастық перспективалары бойынша қызу пікір алмасу болды.

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-nairobi/press/news/details/1164569?lang=kk