Кейптаунда Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық талқыланды

Кейптаунда Қазақстан мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық талқыланды

18.02.2026 19:07:39 189

Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі Еркін Ахинжанов елдің заң шығарушы астанасы Кейптаун қаласына жұмыс сапары аясында ОАР Президенті Сирил Рамафосаның халыққа жыл сайынғы жолдауына және осыған байланысты бірқатар ресми іс-шараларға қатысты.

Сапар аясында атқарушы органдардың, инвестициялық құрылымдардың басшыларымен, өңірлік бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесулер өтті.

Батыс Кейп провинциясының Премьер-министрі Алан Виндемен, провинция қалаларының әкімдері: Кейптаун – Джордин Хилл-Льюис, Джордж – Олдерман Брауэн Джонсон, Моссел-бей – Дирк Коце, Найзна – Тандо Матикамен, сондай-ақ провинцияның Мобильділік істері министрі Исаак Мбулело Силекумен мазмұнды әңгіме барысында аймақаралық өзара іс-қимылды кеңейту перспективалары талқыланды. Электрондық форматта мемлекеттік қызметтер көрсетуді қоса алғанда, ақылды қалаларды, арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, цифрландыру саласындағы тәжірибе алмасу мен ынтымақтастық мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм де басым салалар ретінде белгіленді.

Сапарды жалғастыра отырып, Елші Батыс Кейптің туризм, сауда және инвестицияларды дамыту жөніндегі ресми агенттігі Wesgro өкілдерімен келіссөздер жүргізді. Тараптар экспорттаушылар мен инвесторлар үшін бизнес мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ өңірлік және муниципалды деңгейде ынтымақтастық тетіктерін дамыту мәселелерін талқылады.

FSPS-Partners компаниясының директоры және Teplo-Hol Manufacturing & Applications басқарушы директоры Мариус Ван Логгенбергпен кездесу барысында кәсіпорынның өндірістік қуаттылықтарымен және технологиялық жобаларымен танысты. Компания басшылығы Қазақстанда тосқауыл жабындарын өндіруді оқшаулау мүмкіндігін қарастыруға қызығушылық білдірді. Тараптар ел аумағында өндірісті одан әрі өрістету перспективасымен әлеуетті әріптестерді іздеу мәселесін пысықтауға келісті.

Туризм саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. FEDHASA компнаиясының төрағасы және тиісті қалалық органдардың өкілі Ли-Энн Сингермен кездесу аясында тараптар қонақжайлылық және сервис стандарттары саласындағы тәжірибе алмасуды, B2B-байланыстарды нығайтуды және Қазақстан мен ОАР салалық бірлестіктері арасындағы кәсіби өзара іс-қимылды кеңейтуді талқылады.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар сындарлы диалогты жалғастыруға және Қазақстан мен ОАР арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бірлескен бастамаларды практикалық тұрғыдан пысықтауға мүдделіліктерін растады.

Кейптаун - Оңтүстік Африканың заң шығарушы астанасы және Батыс Кейп провинциясының әкімшілік орталығы, сонымен қатар елдің негізгі туристік және іскерлік орталықтарының бірі. Провинция ОАР-дың экономикалық дамыған аймақтарының бірі болып табылады, заманауи инфрақұрылыммен, дамыған порт логистикасымен және инвестициялық тартымдылықтың тұрақты көрсеткіштерімен ерекшеленеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-pretoria/press/news/details/1164691?lang=kk