Қазақстан отандық өндірушілерді қолдауды күшейтіп, экономикалық өсімге бағытталған стандарттарды дамытып келеді

Қазақстан отандық өндірушілерді қолдауды күшейтіп, экономикалық өсімге бағытталған стандарттарды дамытып келеді

18.02.2026 19:07:59 176

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай қазақстандық тауар өндірушілерді қорғау және олардың өнімдерін ішкі нарықта ілгерілету мәселесіне басымдық берілуде. 2025 жылғы мамырда тауардың шығу елін айқындау тетіктерін жетілдіруге бағытталған заңнамалық өзгерістер қабылданды. Сонымен қатар қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі енгізілуде. СТ-KZ және индустриялық сертификаттардың күшін жою отандық өнімнің шығу тегін растау рәсімін жеңілдетіп, оны анағұрлым ашық әрі тиімді етті.

Сауда және интеграция министрлігі Саудадағы техникалық кедергілер жөніндегі ахуалдық штаб аясында 14 тауар тобы бойынша жүйелі бақылау жүргізіп келеді. Тарифтік және тарифтік емес реттеу шаралары қолданылуда. Нәтижесінде бірқатар салада өндіріс көлемі артты. Атап айтқанда, цемент өндірісі 15 пайызға, гранит бордюрлері мен  плиталар 30 пайызға, жылыту құрылғылары 55 пайызға, автокөлік жасау саласы 18 пайызға өсті.

2025 жылы отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған маңызды стандарттар әзірленіп, қолданысқа енгізілді. Олардың қатарында жылыту құрылғыларына арналған СТ РК 4025-2025 стандарты бар, бұл жылына 10 миллион секцияға дейін өнім өндіруге мүмкіндік береді. Құрылыс әйнегіне арналған СТ РК ISO 12543-1-2025 және СТ РК ISO 12543-2-2025 стандарттары қабылданды. Сондай-ақ гипсокартон, цемент және құбыр өнімдеріне қатысты стандарттар жаңартылды. Бұл құжаттар отандық өндірушілерді жосықсыз бәсекеден қорғап, өнім сапасын арттыруға және экспорттық әлеуетті кеңейтуге жағдай жасайды.

2026 жылға арналған Ұлттық стандарттау жоспары бекітілді. Жоспар экономиканың стратегиялық бағыттары бойынша 50 тақырыпты қамтиды. Басымдық берілген салалардың қатарында жасанды интеллект, цифрландыру, энергетика, металлургия, құрылыс материалдары өндірісі, тамақ өнеркәсібі және отандық өндірушілерді қолдау бар. Тамақ өнеркәсібінде HASSP менеджмент жүйесін енгізу, жеткізу тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және өндірісте заманауи технологияларды қолдану мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Қабылданған стандарттарды іске асыру сапасыз импорттың алдын алуға, Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге, инновациялық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен деректерді цифрлық қорғау шешімдерін енгізуге, сондай-ақ тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің сөзінше, стандарттау және отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы жүйелі жұмыс экономиканың тұрақты өсуіне негіз қалайды, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырады және өнеркәсіп пен ішкі нарықты дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1164665?lang=kk