Жаңа Салық кодексі: арнаулы салық режимдерінің ерекшеліктері және ҚҚС қолдану тәртібі
19.02.2026 12:07:06 179
Өңірлік коммуникациялар қызметінде салық заңнамасындағы негізгі өзгерістерге арналған брифинг өтті. Іс-шараға жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерсін Харифоллин, өндірістік емес төлемдер басқармасының арнаулы салық режимдерін әкімшілендіру бөлімінің басшысы Елена Довбняк, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Брифинг барысында Ерсін Харифоллин жаңа Салық кодексінде қосылған құн салығына (ҚҚС) ыңғай айтарлықтай жаңартылғанын хабарлады. ҚҚС-тың 16% жаңа базалық мөлшерлемесі белгіленді. Сондай-ақ жеңілдік көзделген және ҚҚС-тан босатылатын санаттар қарастырылған. Дәрі – дәрмектер мен медициналық қызметтерге 2026 жылдан бастап 5% және 2027 жылдан бастап 10% төмендетілген мөлшерлеме енгізілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде көрсетілетін қызметтер, Үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық (сирек) және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу, баспа кітаптарын басып шығару жөніндегі қызметтер және археологиялық жұмыстар ҚҚС төлеуден толық босатылады. Мерзімді баспа басылымдарын жүзеге асыру үшін ҚҚС – 10% төмендетілген мөлшерлемесі белгіленді. Бұдан басқа, ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді.
Елена Довбняк салық төлеушілердің назарын салық режимін уақтылы таңдау қажеттілігіне аударды. Хабарлама беру мерзімі аяқталғанға дейін екі аптадан аз уақыт қалды. Оңайлатылған декларация негізінде АСР қолдану шарттарына сәйкес келетін салық төлеушілер хабарламаны 2026 жылғы 28 ақпаннан кешіктірмей ұсынуы қажет. Оңайлатылған декларацияға не жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке көшу туралы хабарлама ұсынбаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурыздан бастап автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне (ЖБТ) ауыстырылатын болады. Бұл ретте ЖБТ-ның басталу күні 2026 жылғы 1 қаңтар болып есептеледі.
Брифинг соңында спикерлер БАҚ өкілдерінің сұрақтарына толық түсініктеме берді.
Павлодар облысы бойынша МКД-ның
түсіндіру жұмысы және байланыс-орталығы басқармасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-pavlodar/press/news/details/1165094?lang=kk