Қазақстан мен Эфиопия көпжақты серіктестікті нығайту жолдарын белгіледі

Қазақстан мен Эфиопия көпжақты серіктестікті нығайту жолдарын белгіледі

19.02.2026 17:54:22 122

Аддис-Абеба, 2026 ж. 19 ақпан – Қазақстанның Эфиопиядағы Елшісі, ҚР-ның Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Жалғас Әділбаев Эфиопия СІМ Халықаралық ұйымдар департаментінің Бас директоры Лемлем Фиса Миналемен кездесу өткізді.

Қазақстан Елшісі Бас директорды Африка одағының 39-шы Саммитінің сәтті өтуімен құттықтап, бұл кездесудің Африка елдері үшін маңыздылығын және жоғары деңгейдегі іс-шаралардың ұйымдастырылу сапасын жоғары бағалады.

Кездесу барысында екі ел басшылары жүргізіп жатқан, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға және азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған реформалар төңірегінде пікір алмасу болды.

Өз кезегінде қазақстандық дипломат сұхбаттасушыны Қазақстанда іске асырылып жатқан конституциялық реформалар туралы хабардар етті. Мемлекеттік басқарудың неғұрлым теңгерімді жүйесіне көшуге бағытталған конституциялық өзгерістерге ерекше назар аударылды. Оның ішінде жаңа мемлекеттік басқару архитектурасындағы Президент рөлін арттыру, бірпалаталы Парламентке көшу, жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктерін кеңейту, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайту, сондай-ақ адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін институционализациялау мәселелері айтылды.

Келіссөздер барысында тараптар халықаралық алаңдардағы, соның ішінде БҰҰ аясындағы екі елдің өзара іс-қимылына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Қазақстан Елшісі Алматы қаласында Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі орталығын құру туралы БҰҰ қарарын қабылдау кезінде көрсеткен қолдауы мен қосалқы автор болғаны үшін эфиопиялық тарапқа ризашылығын білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстанның жаһандық дінаралық және конфессияаралық диалогты ілгерілету жөніндегі бастамасы, соның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі шеңберіндегі жұмыстар мен бұл процеске Эфиопия өкілінің қатысуы туралы айтып берді.

Бұдан бөлек, тараптар БҰҰ мен халықаралық ұйымдардың сайланбалы органдарына кандидаттарды өзара қолдау және тәжірибе алмасу тәжірибесін жалғастыру ниетін растап, Нью-Йорк пен Женевадағы БҰҰ жанындағы екі елдің тұрақты өкілдіктері арасында консультациялар өткізуге дайын екендіктерін білдірді.

Сұхбаттасушылар халықаралық қоғамдастық үшін ерекше қызығушылық тудыратын тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау және су дипломатиясы саласындағы екі ел басшылары ұсынған бастамалардың іске асырылу барысы туралы ақпаратпен бөлісті. Осы орайда Елші Ж. Әділбаев Қазақстан Президентінің БҰҰ жүйесінде су мәселелері жөніндегі мамандандырылған халықаралық ұйым құру туралы бастамасы туралы хабардар етті. Бұл ұйым осы саладағы бөлшектенген халықаралық күш-жігерді шоғырландыруға арналған.

Сондай-ақ, тараптар екі елдің астаналарында өтетін қоршаған ортаны қорғау саласындағы жоспарланған халықаралық іс-шараларға қатысты пікір алмасты.

Атап айтқанда, Елші 2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында өтетін Өңірлік экологиялық саммит туралы хабарлады. Ол сондай-ақ қазақстандық делегацияның 2027 жылы Аддис-Абебада өтеді деп күтілетін СОР32 саммитіне қатысу мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін назарға салды.

Қазақстан Елшісі Эфиопия Премьер-министрі А.Ахмедтің «Жасыл мұра» бастамасын жоғары бағалап, оның сәтті іске асырылып жатқанын атап өтті.

Эфиопия СІМ өкілі, өз кезегінде, Астананың дінаралық диалог пен су дипломатиясы мәселелеріндегі белсенді рөліне жоғары баға беріп, өзара тиімді серіктестікті одан әрі тереңдетуге дайын екенін жеткізді.

Кездесу өзара түсіністік жағдайында өтіп, екі елдің екіжақты қарым-қатынастарды сапалы жаңа деңгейге шығаруға деген ұмтылысын растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-addis-ababa/press/news/details/1165559?lang=kk