Елорда мектебінің оқушылары ҚР СІМ-де болды

Елорда мектебінің оқушылары ҚР СІМ-де болды

19.02.2026 18:53:21 201

Астана, 2026 жылғы 19 ақпан – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі ғимаратында 10-12 сынып оқушылары мен Астана қаласындағы Канадалық халықаралық мектеп жанындағы дипломатия клубының мүшелеріне арналған экскурсия өтті.

Кездесу аясында оқушылар министрліктің музейін аралап, Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің қалыптасуы мен даму тарихымен, сондай-ақ еліміздің сыртқы саясатының негізгі бағыттарымен танысты.

Экскурсиялық бағдарламадан бөлек, оқушылар алдында Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері сөз сөйледі. Дәріс оқу барысында дипломаттар тиісті бағыттар бойынша жұмыстың ерекшеліктері, Қазақстанның негізгі халықаралық бастамалары және дипломатиялық тәжірибенің қыр-сыры туралы баяндады.

Ерекше назар азаматтық жауапкершілікті, патриотизмді және ұлттық құндылықтарға адалдықты қалыптастыру мәселелеріне аударылды, бұл Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының мақсаттарына сәйкес келеді. Соңында Министрліктің өкілдері дипломаттардың кәсіби қызметіне зор қызығушылық танытқан оқушылардың сұрақтарына жауап берді.

Кездесу қорытындысы бойынша мектеп әкімшілігінің өкілі мен оқушылар Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне және оның қызметкерлеріне жылы қабылдау, мазмұнды экскурсия және дипломатиялық қызмет саласындағы өздерін қызықтырған сұрақтарға жан-жақты жауап алуға мүмкіндік бергені үшін шынайы алғыстарын білдірді.

Осындай іс-шараларды өткізу жастардың халықаралық қатынастар саласына қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ Қазақстан азаматтарының жауапты, білімді және құндылыққа бағдарланған ұрпағын қалыптастыруға бағытталған «Адал азамат» бағдарламасының міндеттерін практикалық іске асыруға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1165620?lang=kk