QazTrade: Қазақстан теміржол өнімдерін Пәкістан нарығына экспорттайды
20.02.2026 17:53:35 195
Қазақстанда теміржол инфрақұрылымына арналған дайын өнім экспорты өсіп жатыр. Отандық кәсіпорындар рельстік бекіткіштер мен темірбетон шпалдарын Орталық Азия елдеріне және Ресейге жеткізуде. Қазір жаңа нарықтарға шығу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Бұл жайлы Алматыда өтіп жатқан Экспортшылар форумында белгілі болды. Форумда шикізатқа тәуелділікті азайтып, дайын өнім экспортын арттыру мәселесі көтерілді. Қазақстан экономикасын әртараптандыру және шикізатқа тәуелділікті азайту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған негізгі міндеттердің бірі. Президент өңделген, қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуды тапсырған болатын.
«Бент» компаниясының президенті Дінмұхаммед Кузиевтің айтуынша, рельстік бекіткіштердің толық жиынтығы бүгінде негізгі экспорттық бағытқа айналған. Сондай-ақ олар жақында QazTrade көмегімен өнімдерін Пәкістан нарығына экспорттамақшы.
«Біз Орталық Азияда рельстік бекіткіштердің толық жиынтығын шығаратын жалғыз өндірушіміз. Сауда және интеграция министрлігі мен QazTrade қолдауының арқасында Қырғызстан мен Өзбекстанға тұрақты жеткізілім жолға қойылды. Ресейге де экспорт басталды. Өткен жылы Иран мен Түрікменстанға сауда-экономикалық миссиямен бардық. Қазір белсенді келіссөздер жүріп жатыр. 2025 жылы экспорт көлемі шамамен 5 млн доллар болды. 2026 жылы оны 8 млн долларға жеткізуді жоспарлап отырмыз», — деді ол.
QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаровтың айтуынша, бұл бағыт Мемлекет басшысы қойған экономиканы әртараптандыру міндетімен тікелей байланысты.
«Біз әр саланың экспорттық әлеуетін, әлемдік сұранысын жеке талдап отырамыз. Қазіргі күні өңделген, бәсекеге қабілетті өнімдердің экспортын арттыруды қолға алдық»,-деді ол.
QazTrade өкілдері мұндай жобалар елдегі дайын өнім экспортының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді дейді. Орталық кәсіпорындарға сауда миссияларынан бастап, келіссөз жүргізуге, шетелдік нарықтарға шығуда жүйелі қолдау көрсетіп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1166489?lang=kk