Алматы апорты экспортқа дайындалуда: QazTrade пен өндірушілер меморандумға қол қойды

Алматы апорты экспортқа дайындалуда: QazTrade пен өндірушілер меморандумға қол қойды

20.02.2026 19:13:03 186

Қазақстанның символы саналатын Алматы апорты шетел нарығына шығуға дайындалуда. Бүгін QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы мен Алматы апортын өндірушілер қауымдастығы ынтымақтастық меморандумына қол қойды.

Жақында Германияда өткен «Grüne Woche 2026» халықаралық көрмесіне қатысқан қауымдастық, апортқа еуропалық серіктестердің қызыққанын айтады. Тек алма емес, одан жасалған өнімдер де еуропалықтардың назарына іліккен.

Бүгінде Алматы апортын өндірушілер қауымдастығына 8 шаруашылық кіреді. Жыл сайын олар 1 500–2 000 тонна өнім өндіреді. Әзірге экспорт көлемі төмен. Сондықтан жаңа меморандум тұрақты экспорт жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Қауымдастық президенті Роман Сафаровтың айтуынша, Берлиндегі көрмеге QazTrade-тің шақыруымен қатысқан. «Апорттың басты ерекшелігі оның табиғатында. Бұл жаппай өсірілетін, ұзақ сақтауға арналған сорт емес. Апорт ірі, дәмі қанық, хош иісі ерекше болып келеді. Біздің алма бақтар теңіз деңгейінен 850 метрден жоғары орналасқан. Алманың дәміне таулы аймақтың климаты әсер етеді»,- дейді Роман Сафаров.

Берлинде өткен көрме апорттың экспорттық әлеуетін нақты көрсетті. Әсіресе, қосылған құны жоғары өңделген өнімдерге қызығушылық басым болған. Олардың қатарында пастила, алма чипсы, шырын, сірке суы және кептірілген алма бар.

«Алматы апорты географиялық көрсеткіш ретінде тіркелген. Бұл мәртебе оның табиғи ерекшелігін қорғайды. Алматының тау бөктеріндегі топырақ, таза су және температура өнім сапасын қалыптастырады. Географиялық көрсеткіш брендті шетелде премиум өнім ретінде ілгерілетуге мүмкіндік береді», - дейді QazTrade бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров.

Меморандум аясында Сауда және интеграция министрлігіне қарасты QazTrade ұйымы апорт өндірушілерді сыртқы нарықта сүйемелдейді. Халықаралық көрмелерге қатысу, келіссөз жүргізу және серіктес табу бағытында қолдау көрсетеді. Жүйелі жұмыс арқасында апорттың географиясы кеңейіп, қосылған құны жоғары ұлттық брендке айналады деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1166607?lang=kk