Қорғаныс министрі Парламент депутаттарына Алматыда Sarbaz+ жобасын таныстырды
20.02.2026 20:09:08 392
Қазақстан Республикасы қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов пен Парламент депутаттары Алматы гарнизонына сапары барысында 78460 әскери бөлімінің базасында іске қосылған Sarbaz+ инновациялық жобасымен танысты.
Sarbaz+ жобасы мерзімді әскери қызметті жаңғыртуға, армияның беделін арттыруға және сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған. Қонақтарға бейнеаналитика жүйесі, Rtel радиобайланыс мамандарын, ұшқышсыз басқарылатын Ashik Aspan құрылғыларының операторларын және Eltex технологиялық жүйелерін даярлаудың оқу сыныптары көрсетілді.
Сонымен қатар, мерзімді қызметтегі сарбаздар әртүрлі білім беру бағдарламалары мен курстарына қатысады. TechOrda бағдарламасы бойынша Astana Hub-пен ынтымақтастық ақпараттық қауіпсіздік талдауын, деректерді қорғауды және ҰҰА басқару үшін жасанды интеллект технологияларын үйренуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа QLANG онлайн-платформасында ағылшын тілі курсы өткізіледі.
Қорғаныс ведомствосының басшысы мен бөлімге барған қонақтарға жоба инфрақұрылымының элементтері: Workout спорт алаңдары, стритболға арналған аймақтар, тренажер залы, қоян-қолтық ұрыс клубы және электронды тир көрсетілді. Оған қоса цифрлық сервистер – Ай-сұлу телеграм-боты және ARMIA.KZ ақпараттық платформасы таныстырылды.
– Sarbaz+ технологияны, инфрақұрылымды дамытып, адам күшін саналы жұмсауға бағытталған. Біз қызметтің заман талабына сай және әскери қызметшілердің кәсіби өсуі үшін мүмкіндіктер жасаймыз, – деп атап өтті Дәурен Қосанов.
Жобаны Парламент Сенатының депутаты Ғалиасқар Сарыбаев оң бағалады. Оның айтуынша, Sarbaz+ армияны модернизациялауға жүйелі көзқарастың мысалы болып табылады және адами капиталды дамытудың стратегиялық міндеттеріне жауап береді.
– Бүгін мерзімді қызмет тек тәртіп пен патриотизм мектебіне ғана емес, заман талабына сай құзыреттері бар алаңға айналғанын көріп отырмыз. Sarbaz+ жобасы бәсекеге қабілетті мамандарды қалыптастырып, жастардың Қарулы күштерге деген сенімін арттырады, – деп атап өтті сенатор.
Sarbaz+ жобасы жастар мен жалпы қоғам үшін тартымды армияның заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталған. Оның көмегімен мерзімді қызметтің әскери қызметшілерін оқыту және тәрбиелеу әдістерін жаңғырту жүзеге асырылады. Жобаға қатысу арқылы сарбаздар запасқа шығарылғаннан кейін талап етілетін дағдыларды және жұмысқа сәтті орналасу біліктілігіне ие бола алады. Ұйымдастырушылар бұл жоба сәтті іске асса, Қарулы күштердің барлық әскери бөлімдерінде жаңа бастамаға жол ашатынына сенімді.
Бүгінгі таңда жобаның пайдалы болатыны жайлы мынадай мысалдар келтіруге болады: myarmy.kz порталы арқылы 268 өтінім беріліп, 90 сарбаз іріктелген. Бұл бір орынға 3 адам таласты деген сөз. Демек, алдағы уақытта жастардың жобаға деген қызығушылығы артатыны сөзсіз.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1166625?lang=kk