«КӨКТЕМ-2026» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУЫНА ДАЙЫНДЫҚ ПЫСЫҚТАЛДЫ
25.02.2026 16:52:58 205
Қазақстанда 25–27 ақпан аралығында «Көктем-2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтеді. Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі нұсқауларына сәйкес ұйымдастырылуда және көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты тексеруге бағытталған.
Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шымкент қаласы ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері, азаматтық қорғау капитаны Шәріп Асқар Рысбекұлы мәлімдеді.
Оқу-жаттығудың негізгі тақырыбы – 2026 жылдың көктемгі кезеңінде су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда төтенше жағдайларды жоюға, құтқару және шұғыл жұмыстарды ұйымдастыруға дайындықты пысықтау. Осыған байланысты қала аумағында оқу-жаттығуды дайындау және өткізу бойынша арнайы ұйымдастырушылық нұсқаулық әзірленіп, қала әкімінің бекітуіне ұсынылған.
Іс-шара барысында департамент базасында жедел қалалық штаб құрылып, азаматтық қорғаудың аумақтық кіші жүйелері жоғары дайындық режиміне көшіріледі. Құлақтандыру және байланыс жүйелерінің жұмыс қабілеттілігі, авариялық-құтқару қызметтерінің жедел әрекет ету мүмкіндіктері тексеріледі. Сонымен қатар көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған кешенді іс-шаралар кең көлемде жүргізіледі.
Практикалық бөлім аясында қала аумағында су басу қаупі жоғары 9 оқу-жаттығу нүктесі белгіленді. Атап айтқанда, Абай ауданында – 2, Әл-Фараби ауданында – 1, Еңбекші ауданында – 3, Тұран ауданында – 1, Қаратау ауданында – 2 нүктеде оқу-жаттығулар өтеді. Бұдан бөлек, бір нысанда Шымкент қаласының күштері мен құралдары ҚТЖ ҰК теміржол платформалары арқылы инженерлік және өзге де техникаларды тиеу-түсіру жұмыстарын пысықтайды.
Сондай-ақ шұғыл ден қою жасақтарын жинау, зардап шеккен тұрғындарды эвакуациялау және қабылдау пункттерін өрістету, азаматтық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдарын Түркістан облысы аумағына жедел жіберу мәселелері тәжірибеде қарастырылады. Бұл ретте жеке құрамның автономды жағдайда әрекет етуге толық дайын болуы басты назарда.
«Көктем-2026» оқу-жаттығуы аясында Түркістан облысының су тасқыны жағдайы күрделенуі мүмкін аумақтарына көмек көрсету үшін 1-эшелон толық әзірлікке келтірілді. Құрамында 32 жеке құрам, 6 бірлік техника, 9 мотопомпа, 1 жүзу құралы және 1 ұшқышсыз ұшу аппараты бар жасақ кез келген уақытта аттануға дайын. Сонымен қатар сыйымдылығы 20 адамдық 2 шатыр қарастырылған. Бұл күштер ықтимал су тасқыны салдарын жою, халықты қорғау және жедел әрекет ету жұмыстарын жүргізуге бағытталады.
Ұйымдастырушылық нұсқаулыққа сәйкес азаматтық қорғау қызметтері, әскери бөлімдер мен тиісті мекемелер басшыларына барлық іс-шаралардың орындалуын қатаң бақылауға алу тапсырылды. Оқу-жаттығуға шешім қабылдау құқығы бар, басқарма басшысының орынбасары лауазымынан төмен емес жауапты қызметкерлердің қатысуы міндеттелді.
Дайындық шеңберінде 20 ақпанда департамент базасында төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық деңгейі жан-жақты талқыланып, басқару органдары мен күш-құралдардың әзірлігі нақтыланды. Күн тәртібінде оқу-жаттығуды ұйымдастыру тәртібі, ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары, күштер мен құралдардың есебі, авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстарды жүргізу алгоритмдері, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен қызметтердің өзара іс-қимыл тәртібі қаралды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жауапты құрылымдық бөлімшелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, оқу-жаттығуды белгіленген мерзімде жоғары деңгейде өткізу міндеті қойылды.
Оқу-жаттығу аяқталғаннан кейін оның қорытындысы туралы толық ақпарат Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі мен Шымкент қаласының әкімдігіне ұсынылатын болады.