Аймақ басшысы «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасымен кездесті

Аймақ басшысы «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасымен кездесті

26.02.2026 12:29:19 129

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті.
Онда инвестиция тарту мен кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар жайы талқыланды.
«Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша мән беріп, Үкімет қолдау көрсетуде.
Бүгінде өңірімізде кәсіпкерліктің даму қарқыны белсенді, экономикадағы үлесі 20,5 пайыз.
Өткен жылы өңір экономикасындағы бұл сектордың өнім шығару көлемі 30,5 пайызға артып, облыс өңірлер арасынан 3-орынды иеленді.
Салық түсімдері алдыңғы жылмен салыстырғанда 2,5 есе ұлғайды.
Кәсіпкерліктің тұрақты дамуына жүйелі әрі тиімді мемлекеттік қолдау оң ықпал етті.
Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында 2026-2029 жылдары 1 трлн. 900 млрд. теңгенің 48 инвестициялық жобасын жүзеге асырып, 10 308 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.
Биыл 100 млрд. теңгеге 21 жобаны іске қосу жоспарлануда.
Атап өту қажет, Өзіңіздің тікелей көмегіңізбен испандық «Рока групп» компаниясымен жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық бұйым шығаратын жоғары технологиялық зауыт салу жөнінде инвестициялық келісімге қол қойылды. Биыл құрылысы басталады.
Жеке кәсіпкерлікті қаржылай қолдауға бюджеттен 22 млрд. 700 млн. теңге қарастырылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл микро және шағын бизнес үшін «Іскер аймақ» бағдарламасы іске қосылды.
Бүгінгі кездесу жаңа жобалар мен бастамаларға жол ашады деп сенеміз», - деді Н.Нәлібаев.
Былтыр жеке кәсіпкерліктің 2 929 жобасы барлық қаржы көзі есебінен 61 млрд. 100 млн. теңгеге қаржыландырылды.
Мемлекеттік қолдау шаралары өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып, жаңа өндірістер ашуға, жұмыс орындарын құруға мүмкіндік берді.
Сонымен бірге 300 млрд. теңгеден астам қаржыға 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.
Түрік инвесторы жаңа жылу электр орталығын салды.
Нан өнімдері кешені, кірпіш, айна шығару, күріш және ас тұзын өндіру зауыттары, шағын өнеркәсіптік аймақ және қуаттылығы 40 мегаваттық күн электр станциясы іске қосылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1169919?lang=kk