Алматыда «Қалқан» қысқы спартакиадасы жалауын көтерді
26.02.2026 13:33:46 205
Дүбірлі доданы Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, Армия орталық спорт клубы және «Жас сарбаз» республикалық балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы ұйымдастырып отыр.
Дәстүрлі жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 17 команда құрамындағы 72 жас спортшы қатысып жатыр.
Қысқы спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов, Алматы қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Жақсылық Айтбаев, ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары – Алматы қаласындағы оқу-жаттығу орталығының бастығы полковник Атахан Нуриддинов және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының төрағасы майор Мейірбек Меңдіғалиев қатысты.
Жарыс бағдарламасына президенттік көпсайыс жаттығулары, атап айтқанда жасөсіпірімдер үшін белтемірге тартылу, қыздар үшін шалқалап жатып денені көтеру, сондай-ақ үш шақырымдық шаңғы жарысы және пневматикалық мылтықтан оқ ату кіреді. Командалық есепте жеңімпаздар спортшылардың жинаған ұпай саны бойынша анықталады.
Жарысқа қатысушылар үшін Алматы қаласының көрікті жерлеріне экскурсия, «Қалқан жалыны» кешкі алауы, патриоттық фильмдер көрсетілімі, жоғары әскери оқу орындарымен таныстыру секілді мәдени-демалыс бағдарламасы да қарастырылған.
«Қалқан» қысқы спартакиадасы биыл бесінші рет өткізіліп отырғанын айта кету керек. 2022 жылғы сайыста Қостанай облысының командасы жеңімпаз атанса, 2024 жылы Ақмола облысының құрамасы топ жарды. Ал 2023 және 2025 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының командасы екі мәрте чемпион атанған болатын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1170051?lang=kk