Эдинбург герцогы, ханзада Эдвард Орталық Азия елдерінің cыртқы істер министрлерін Лондонда ресми кездесуге шақырды
26.02.2026 19:00:56 378
Лондон, 2026 жылғы 25 ақпан – Ұлыбритания корольдік отбасының мүшесі, Эдинбург герцогы ханзада Эдвард Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерін ресми кездесуге шақырды. Кездесу барысында тараптар өңір мен Ұлыбритания арасындағы білім беру, ғылым және технология салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.
«CA5+UK» форматындағы сапар Орталық Азия мен Ұлыбритания арасындағы серіктестіктің жаңа кезеңін бастайды. Осы форматтағы бірлескен жұмыс біздің мемлекеттеріміздің дамуына және өңіраралық ынтымақтастықты тереңдетуге тың серпін беретініне сенімдімін», – деп атап өтті Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев.
Сонымен қатар Министр елімізді халықаралық білім беру хабына айналдыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталып, Қазақстанда өздерінің дербес кампустарын ашқан «Cardiff University», «Coventry University» және «De Montfort University» секілді жетекші британдық университеттермен белсенді серіктестікті атап өтті.
Кездесу барысында қазақ тарапы британдық стипендиялар мен гранттарға, білім беру бастамаларына қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ орнықты даму, климаттың өзгеруі, цифрлық технологиялар мен медицина салаларында бірлескен ғылыми-зерттеу орталықтарын құруға мүдделі екенін білдірді.
Тарих, өнер және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту, сондай-ақ студенттерге, зерттеушілерге және кәсіпкерлерге арналған визалық рәсімдерді жеңілдету, тікелей әуе қатынасын кеңейту және өңірлер арасында жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру мәселелеріне бөлек назар аударылды.
Өз сөзінде ханзада Эдвард ұзақ мерзімді серіктестіктің негізі ретінде халықтар арасындағы байланыстарды нығайтудың ерекше маңызын атап өтті. Ол Ұлыбритания екі тарап үшін басым бағыттарда ынтымақтастықты дамытудағы Қазақстанның ашықтығы мен белсенді ұстанымын жоғары бағалайтынын жеткізді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1170543?lang=kk