Қазақстан Сыртқы істер министрі «Орталық Азия – Ұлыбритания» форматындағы сыртқы саяси ведомстволар басшыларының кездесуіне қатысты

Қазақстан Сыртқы істер министрі «Орталық Азия – Ұлыбритания» форматындағы сыртқы саяси ведомстволар басшыларының кездесуіне қатысты

26.02.2026 20:15:44 258

Лондон, 2026 жылғы 26 ақпан Ұлыбритания тарапының шақыруымен Лондонға келген Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев «Орталық Азия + Ұлыбритания» (CA5+UK) форматы аясында Орталық Азия мемлекеттері мен Ұлыбритания сыртқы саяси ведомстволары басшыларының кездесуіне қатысты.

Тараптар екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерді, соның ішінде экономикалық өсу мүмкіндіктерін, сауда және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуді, өңірлік өзара байланыстылықты нығайту және халықаралық көлік дәліздерін дамыту жөніндегі бірлескен жұмысты талқылады.

Өз сөзінде Е.Көшербаев өңір мен Ұлыбритания арасындағы прагматикалық, өзара тиімді стратегиялық өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтіп, оның барлық қатысушы елдердің орнықты экономикалық дамуына ықпал ететінін жеткізді.           

«Қазақстан өңірлік байланыстылықты қамтамасыз етуде жетекші рөл атқарады. Біздің аумақ арқылы 13 ірі транзиттік дәліз өтеді, ал Еуропа мен Азия арасындағы құрлық арқылы жүк тасымалының шамамен 85 пайызы Қазақстан арқылы жүзеге асырылады. Дәл осы стратегиялық маңыздылық «CA5+UK» форматының өзегін құрайды. Оның шеңберінде біз Ұлыбританияны ұзақ мерзімді серіктес ретінде қарастырамыз және экономикаларымыздың, қоғамдарымыздың және ортақ болашағымыздың игілігі үшін іс жүзіндегі нәтижелерді қамтамасыз етуге дайынбыз», – деп атап өтті Е.Көшербаев.

Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Иветт Купер өз сөзінде Орталық Азияның орнықты экономикалық өсуімен, өңірлік ынтымақтастықтың артуымен және халықаралық үдерістердегі рөлінің күшеюімен ерекшеленетін серпінді дамып келе жатқан өңір ретіндегі маңызын атап өтті. Сондай-ақ өңір елдерінің өзара іс-қимылға прагматикалық тұрғыдан келіп, өзара байланыстылықты нығайтып, экономикалық және саяси ынтымақтастықтың заманауи архитектурасын қалыптастыруға қатысуын дәйекті кеңейтіп жатқанын айтты.

Талқылаулар барысында Орталық Азияның ресурстық және транзиттік әлеуетін Ұлыбританияның қаржы, реттеушілік стандарттар, технологиялар және білім беру салаларындағы артықшылықтарымен ұштастыру мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері «CA5+UK» Ұлыбритания мен Орталық Азия елдерінің арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды форматы деп жоғары бағалады. Бұл формат құрылымдалған және нәтижеге бағдарланған диалогты дамыту үшін маңызды алаң ретінде атап өтілді. Ол Орталық Азия елдерінің ортақ мүдделерін ескере отырып, өңірлік күн тәртібін кешенді қарастыруға, сондай-ақ экономикалық бастамаларды ілгерілету және бірлескен жобаларды іске асыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1170591?lang=kk