Қазақстан мен Льеж университеті ғылым, инновациялар және ғарыш технологиялары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде
27.02.2026 16:39:18 80
Льеж, 2026 жылғы 26 ақпан – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Льеж университетінің (ULiège) ректоры Анн-Софи Ниссен және білім беру және студенттік өмір жөніндегі вице-ректор Фредерик Схунарспен кездесу өткізді. Тараптар жоғары білім, ғылым және инновациялар саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны кеңейту перспективаларын талқылады.
Елші Қазақстанның Орталық Азиядағы өңірлік білім және ғылыми хаб ретіндегі позициясын дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өтті. Елде халықаралық академиялық орталықтар саны артып, қос дипломды бағдарламалар мен әлемнің жетекші университеттерімен стратегиялық әріптестіктер дамуда. Қолданбалы ғылымды, цифрландыруды, жасанды интеллектіні және технологиялар трансферін дамытуға ерекше назар аударылуда.
Тараптар Қазақстан мен Льеж университеті арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, жоғары технологиялық және ғылымды қажетсінетін салаларда өзара іс-қимылды кеңейтуге қызығушылық білдірді. Атап айтқанда, Льеж ғарыш зерттеулер орталығы (CSL) базасында қазақстандық инженерлер мен зерттеушілерді даярлау және тағылымдамадан өткізу, сондай-ақ ғарыштық компоненттерді сынақтан өткізу, Жерді қашықтан зондтау және спутниктік байланыс жүйелері бойынша бірлескен жобаларға қатысу мүмкіндіктері қарастырылды.
Сондай-ақ STAR (Space Sciences, Technologies and Astrophysics Research) институтымен ғарыш ғылымы, астрофизика және спутниктік деректерді өңдеу салаларында ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Ғарыштық оптика және аспап жасау саласында бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Gembloux Agro-Bio Tech ғылыми платформасы (TERRA) аясында агрономия, биоинженерия, агроэкология және дәл егіншілік салаларындағы ынтымақтастық мәселелері де қарастырылды. Қазақстан климаттың өзгеруіне бейімделу, агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және бірлескен магистрлік және докторлық бағдарламаларды іске қосу бағытындағы зерттеулерге қызығушылық танытты.
Кездесудің соңында Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және институционалдық реформалар туралы ақпарат ұсынылды. Мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, заң үстемдігін нығайту, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуын кеңейту және мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Осы үдерістің маңызды кезеңі 2026 жылғы 15 наурызда өтетін Республикалық референдум болмақ, онда азаматтар Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы бойынша шешім қабылдайды. Ұсынылып отырған өзгерістер жүйелі сипатқа ие және құқықтық мемлекет қағидаттарын одан әрі нығайтуға бағытталған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетуге дайын екендіктерін растады.
Анықтама: Льеж университеті 1817 жылы құрылған және Бельгиядағы ең көне әрі жетекші зерттеу университеттерінің бірі болып табылады. Университет құрамында инженерия мен жаратылыстану ғылымдарынан бастап медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарға дейінгі бағыттарды қамтитын 11 факультет бар. ULiège-де шамамен 27 000 студент білім алады, ал академиялық және ғылыми персонал саны 5 700-ге жуық.
Университет инженерлік ғылымдар, ғарыштық технологиялар және астрофизика салаларында, соның ішінде Еуропалық ғарыш агенттігінің жобаларына қатысу және Льеж ғарыш зерттеулер орталығы мен STAR институты арқылы белсенді жұмыс жүргізу арқылы жоғары позицияға ие. Gembloux Agro-Bio Tech кампусында агрономия, тұрақты ауыл шаруашылығы, агроэкология және дәл егіншілік бағыттарында зерттеулер дамуда. Университет Еуропалық Одақтың ғылыми консорциумдары мен бағдарламаларына белсенді қатысады.
Қазіргі уақытта ULiège-де Қазақстаннан 8 студент, оның ішінде 1 PhD-докторант білім алуда, сондай-ақ 1 қазақстандық қызметкер жұмыс істейді. ULiège пен Maqsut Narikbayev University арасында академиялық ұтқырлықты қамтамасыз ететін келісім бар. Ынтымақтастық құқық, саяси ғылымдар және криминология факультеттерін, қолданбалы ғылымдар факультетін (инженерия), сондай-ақ HEC Liège менеджмент мектебін қамтиды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1171336?lang=kk