Қазақстан Елшісі Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігінің Мемлекеттік хатшысымен кездесті

Қазақстан Елшісі Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігінің Мемлекеттік хатшысымен кездесті

27.02.2026 18:57:07 214

Будапешт, 2026 жылғы 23 ақпан – Қазақстан Республикасының Мажарстандағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы Мажарстанның Мәдениет және инновациялар министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Анита Киш-Хедьи ханыммен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстан арасындағы екіжақты мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективаларын талқылады.

Әңгіме басында Елші Мемлекеттік хатшыны жаңа қызметіне тағайындалуымен құттықтап, жауапты қызметінде табыс тіледі және қазақстандық тараптың Астана мен Будапешт арасындағы достық қарым-қатынастарды жан-жақты тереңдетуге бейілді екенін атап өтті.

Қазақ дипломаты Елшілік тарапынан жүзеге асырылған және жоспарланып отырған мәдени іс-шаралар туралы жан-жақты ақпарат берді. Атап айтқанда, 2025 жылы мажарстандық билік органдары мен Елшіліктің белсенді қолдауымен Дебрецен қаласында «Turan» этно-фольклорлық тобының концерті өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Будапештте өткен Аттила мен ғұндар тарихына арналған халықаралық көрмеге қатысты, Мажарстанның жоғары деңгейдегі делегациясы Түркі әлемінің мәдени астанасы «Ақтау – 2025» бағдарламасына қатысты, сондай-ақ қазақстандық және мажарстандық өнер өкілдерінің қатысуымен «Adjon Isten / On Sausak» бірлескен музыкалық бейнежобасы жарық көрді.

Елші қазақстандық мәдениет қайраткерлерінің халықаралық аренадағы жетістіктерімен таныстыра отырып, Будапештте әлемге танымал қазақстандық музыканттардың концерттерін ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Өз кезегінде Мемлекеттік хатшы Анита Киш-Хедьи мәдени-гуманитарлық саладағы әріптестікті нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, шығармашылық алмасуларды қолдауға және мәдени іс-шараларды өткізуге бағытталған бірлескен бастамаларды кеңейтуге дайын екенін растады.

Кездесу соңында тараптар ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және сындарлы диалогты жалғастыруға өзара мүдделілігін білдірді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-budapest/press/news/details/1171665?lang=kk