Қазақстандықтардың 12 айда есептелген инвестициялық кірісі 2,28 трлн теңгені құрады

Қазақстандықтардың 12 айда есептелген инвестициялық кірісі 2,28 трлн теңгені құрады

02.03.2026 09:02:52 269

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) зейнетақы активтерін басқару жөніндегі инвестициялық қызметінің қорытындысы, сондай-ақ валюта бағамдарының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарында 2025 жылғы ақпан айынан бастап 2026 жылдың қаңтарын қоса алғандағы 12 айда есептелген инвестициялық кіріс көлемі шамамен 2,28 трлн теңге болды. Осы кезеңдегі кірістілік – 9,74% көрсетті.

Зейнетақы активтерінің жекелеген қысқа мерзімді кезеңдердегі кірістілігі оларды ұзақ мерзімді басқару тиімділігінің көрсеткіші бола алмайды. Кірістілік деңгейі қаржы құралдарының, валюта бағамдарының және кезеңнен кезеңге дейінгі өзге де көрсеткіштердің нарықтық құнының құбылмалылығына байланысты екенін атап өту маңызды. Сондықтан инвестициялық кірістің мөлшерін объективті талдауды ұзақ мерзімді кезеңге жасаған жөн.

Орта және ұзақ мерзімді перспективада зейнетақы жинақтарының оң нақты (жинақталған инфляциядан асатын) кірістілігі қамтамасыз етіледі. Мәселен, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған сәттен бастап жинақталған инвестициялық кірістілік 2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша өспелі жиынтықпен 1 173,15% болды, ал бүкіл кезең ішіндегі инфляция 952,32%.  

2026 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 2014 жылдан бері (зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін) жинақталған таза инвестициялық кіріс 13,99 трлн теңгені құрады. Оның салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі үлесі жасалған төлемдер есебімен 41,5%-ға тең, бұл инвестициялық қызметтің зейнетақы жинақтарын қалыптастырудағы маңыздылығын көрсетсе керек.

Сондай-ақ, салымшылардың өз зейнетақы активтерінің бір бөлігін (міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 50%-на дейін және ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін) реттеушінің талаптарына сәйкес келетін жеке инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) басқаруына аударуға құқығы бар.

ҚР Ұлттық банкінің зейнетақы активтерін ұзақ мерзімді кезеңде сақтауға және олардың оң кірістілігін қамтамасыз етуге бағытталған неғұрлым консервативті басқару тәсілімен салыстырсақ, ИПБ-лардың инвестициялық декларациялары мен реттеушінің талаптары зейнетақы активтерінің кірістілігін арттыру мақсатындағы (бұл ретте ИПБ-дағы тәуекелдер де жоғары) неғұрлым кең инвестициялық мүмкіндіктерді көздейді.

Қазақстанда ҚРҰБ басқаруындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының инфляция деңгейін ескере отырып, сақталуына бірегей кепілдік берілетінін еске саламыз. Салымшының төлемге құқығы басталған кезде жинақталған кірістілігіне кері әсерін тигізген жекелеген кезеңдердегі кірістіліктің төмендеуі жағдайында айырманың өтемақысына мемлекет кепілдік береді.

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару мен есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшының  enpf.kz сайтындағы немесе ұялы қосымшадағы жеке кабинетінен өзінің инвестициялық кірісін көруге мүмкіндігі бар. 

БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және олар орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың (www.enpf.kz) ресми сайтындағы «Статистика және аналитика/Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде жарияланады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay-zhanasemey/press/news/details/1172439?lang=kk