Мадридте Қазақстан мен Испания арасындағы экономикалық қатынастарды жандандыру мәселесі талқыланды
04.03.2026 18:35:13 75
Мадрид, 2026 жылғы 3 наурыз – Қазақстанның Испаниядағы Елшісі Данат Мұсаев Испанияның Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы, Қазақстан-Испания үкіметаралық комиссиясының тең төрағасы Ампаро Лопеспен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында өткен жылғы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қорытындылары шығарылды. Тараптар екіжақты өзара іс-қимыл динамикасындағы оң үрдістерді атап өтіп, 2025 жылғы наурызда Мадрид қаласында өткен Үкіметаралық комиссияның 11-отырысы мен Іскерлік кеңестің 8-отырысының нәтижелерін жоғары бағалады.
Әңгімелесушілер энергетика, құрылыс материалдары өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелерін, сондай-ақ Испанияға экспортталатын қазақстандық тауарлар номенклатурасын кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды.
Осы тұрғыда баламалы логистикалық бағыттарды, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалану және бірлескен іс-шаралар өткізу маңыздылығы атап өтілді.
Келіссөздердің бөлек тақырыбы Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасы бойынша алдағы референдум болды. А.Лопеске институционалдық негіздерді нығайтуға, саяси және экономикалық жүйені жаңғыртуға, мемлекеттік басқарудың тұрақтылығын арттыруға бағытталған жобаның негізгі ережелері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Мемлекеттік хатшы аталған бастамаларға оң баға беріп, олардың Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы үшін маңыздылығын атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты күн тәртібінің барлық бағыттары бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға уағдаласты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-madrid/press/news/details/1174163?lang=kk