Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері: Қазақстан мен Фландрия бірлескен жобаларды талқылауда

Ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері: Қазақстан мен Фландрия бірлескен жобаларды талқылауда

06.03.2026 08:22:50 214

Брюссель, 2026 жылғы 5 наурыз – Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Фландрия Үкіметінің Министр-президенті Маттиас Диепендалемен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Фландрия өңірі арасындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық, өнеркәсіптік, логистикалық және инновациялық өзара іс-қимылды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Р.Василенко Қазақстан Фландрияны қуатты өнеркәсіптік базасы, дамыған логистикалық инфрақұрылымы және мықты инновациялық экожүйесі бар Бельгияның ең серпінді әрі индустриялық дамыған өңірлерінің бірі ретінде қарастыратынын атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан жетекші еуропалық өңірлермен ұзақ мерзімді, нақты жобаларға негізделген серіктестікті дамытуға мүдделі.

Кездесу барысында көлік-логистикалық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Елші Орталық Азия мен Еуропаны байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) стратегиялық маңызын атап өтті. Сонымен қатар Еуропаның ірі логистикалық хабтарымен, соның ішінде әлемдегі ең ірі порттық және мұнай-химия кластерлерінің бірі саналатын Антверпен-Брюгге порттық кешенімен өзара іс-қимылдың маңыздылығы айтылды.

Тараптар сондай-ақ химия және мұнай-химия өнеркәсібі, фармацевтика және биотехнология салаларындағы, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өнеркәсібіндегі ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Сонымен қатар инновациялар, жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және ғылыми-білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Фландрия университеттері, ғылыми орталықтары және инновациялық кластерлері арасындағы байланыстарды дамыту мүмкіндіктері қарастырылды.

Елші сондай-ақ Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар туралы ақпарат берді. Ол елімізде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасы әзірленгенін және оның бойынша түпкілікті шешім ағымдағы жылдың 15 наурызында өтетін жалпыұлттық референдумда қабылданатынын атап өтті. Негізгі заңның жобасы мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Фландрия Үкіметінің министр-президенті М.Диепендале фламанд компаниялары, ғылыми мекемелері мен қазақстандық серіктестер арасындағы ынтымақтастық әлеуетін жоғары бағалап, Қазақстанмен экономикалық және технологиялық байланыстарды дамытуға қызығушылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілік білдіріп, нақты бірлескен жобалар мен бастамаларды іске асыру мақсатында диалогты жалғастыруға келісті.

Анықтама: Фландрия – Бельгияның экономикалық тұрғыдан ең ірі өңірі. 2024 жылы Фландрияның жалпы ішкі өнімі 332,6 млрд еуроны құрады. Жан басына шаққандағы ЖІӨ шамамен 47 мың еуро, бұл Еуропалық одақтың орташа көрсеткішінен жоғары. Өңір экономикасы әртараптандырылған және өнеркәсіп, логистика, химия және фармацевтика өнеркәсібі, машина жасау, биотехнология, агроазық-түлік секторы, сондай-ақ инновациялар мен цифрлық технологиялар маңызды рөл атқарады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brussels/press/news/details/1175996?lang=kk