Қонаев гарнизонында роталық тактикалық оқу-жаттығу өтті
07.03.2026 13:04:49 220
«Шошқалы» полигонында 32363 әскери бөлімінің жеке құрамы оқу-жауынгерлік тапсырмалар кешенін орындады.
Әскери қызметшілер шартты қарсыласқа атыс соққысын ұйымдастырып, әр түрлі штаттық қару-жарақтан оқ ату жаттығуларын пысықтады.
– Роталық тактикалық оқу-жаттығу – жауынгерлік даярлықтың маңызды кезеңі. Жеке құрам тапсырмаларды ұрыс қимылына барынша жақын жағдайда орындады. Бізге бөлімшенің үйлесімді іс-әрекеті және бұйрықтардың нақты орындалуы маңызды болды, – деді 32363 әскери бөлімінің рота командирі гвардия капитаны Ақниет Шышнаби.
Жалпы оқу-жаттығу бөлімшелердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, командирлердің бөлімшелерді басқару дағдыларын жетілдіруге, жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен далалық машығын дамытуға бағытталды.
Оқу-жаттығу қорытындысына келсек, бөлімшелердің оқу-жауынгерлік тапсырмаларды орындау кезіндегі әрекетіне, олардың үйлесімді іс-қимыл деңгейі мен міндеттерді мақсатқа сай орындауға дайындығына нақты баға берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1176957?lang=kk