Облыстың мектепке дейінгі ұйымдары педагогтерінің V слёті

Облыстың мектепке дейінгі ұйымдары педагогтерінің V слёті

26.09.2026 17:49:03 264

ШҚО ББ «Örken» Шығыс Қазақстан өңірлік білім беруді ақпараттандыру және дамыту ғылыми-әдістемелік орталығы» КММ-нің жылдық жоспарына сәйкес, мобильді топпен бірлесе отыра, 2026 жылғы 24–25 қыркүйек күндері облыстың мектепке дейінгі ұйымдары педагогтерінің V слётін өткізіп, тағылымды шараға мектепке дейінгі ұйымдардан 200 педагог қатысты.
✨ Слёттің негізгі мақсаты – мектепке дейінгі ұйым басшылары мен педагогтерінің кәсіби қызметін қолдау, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау, кәсіби ынтымақтастық пен достық қарым-қатынасты нығайту, педагог мамандығының беделін арттыру.
Слёт жұмысы Риддер қаласының бүлдіршіндерінің «Балабақша – бақытты балалар мекені» атты музыкалық сәлемімен басталып, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары Козыбаева Булбул Жомарткызы құттықтау сөз сөйлеп, слет жұмысына сәттілік тіледі.
🌷 Сонымен қатар, мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының ардагерлеріне арналған «Үлкенге құрмет!» рәсімі өтіп, салаға сіңірген еңбегі, ұрпақ тәрбиесіне қосқан үлесі және қоғам дамуына атқарған абыройлы қызметтері үшін Алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді.
Слеттің «Біз біргеміз!» айдарында облыстың аудан-қалаларынан келген командалар өздерін таныстырып, шығармашылық қабілеттері мен ұйымшылдықтарын көрсетті.
⚡ «Педагогикалық батл» барысында педагогтер блиц-сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды.
💡 Слет барысындағы «Шабыт алаңы» педагогтердің кәсіби ой-пікірлерімен бөлісіп, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың маңызы туралы ой толғауына мүмкіндік берді.
🎶 «Ойнай отырып, дамимыз!» музыкалық-интерактивті бағдарламасы қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, баланың дамуы мен ойынның өзара байланысын тағы бір мәрте көрсетті.
Слёттің екінші күнінде қатысушылар үшін Риддер қаласының «Ласточка», «Болашақ», «Қуаныш» балабақшаларында тәжірибелік алаңдар ұйымдастырылып, қаланың мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту саласының педагогтері өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп, тиімді әдіс-тәсілдерін ұсынып, кәсіби шеберліктерін танытты.
📌 «Слёт педагогтер көзімен...» атты қорытынды бөлімде қатысушылармен кері байланыс ұйымдастырылып, олардың пікірлері мен ұсыныстары тыңдалды.
Слёт жұмысына белсенді қатысқан педагогтер мен командалар Алғыс хаттар және Мадақтамалармен марапатталды. 🏆
💚 V облыстық слёт – тәжірибе алмасу, кәсіби шабыттану, жаңа идеялар мен достық байланысты нығайтқан мазмұнды алаң болды!
Барша қатысушыларға белсенділіктері мен кәсіби үлестері үшін алғыс білдіреміз!

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vko-bilim/press/news/details/1299282?lang=ru