Ардақты арулар! Құрметті ханымдар!

Ардақты арулар! Құрметті ханымдар!

08.03.2026 09:20:51 238

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай шын жүректен шыққан құттықтауымды қабыл алыңыздар!

Тіршілікті түлеткен көктем мерекесі жанымызды жадыратып, бойымызға күш-қуат пен сарқылмас жігер сыйлайды. Осы рух пен жігер әйелдердің ел дамуына қосқан үлесін айқындап, олардың қоғамдағы белсенділігін көрсетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан жүйелі мемлекеттік саясаттың арқасында қыз-келіншектердің экономикадағы, саясат пен қоғамдық қызметтегі рөлі жыл өткен сайын арта түсуде. Әйелдер барлық салада жемісті еңбек етіп, тәуелсіздігімізді нығайтып, елімізді өркендетуге белсенді атсалысып келеді. 

Осы орайда, әскери қызмет саласына да әйелдердің қосқан үлесі ерекше атап өтуге тұрарлық. Бүгінгі мерекеде ер азаматтармен бірге жауынгерлік қызмет атқарып, жауапкершілігі жоғары кәсіби маман ретінде әскери борышқа адалдық танытып жүрген әйел әскери қызметшілерге айрықша алғыс білдіремін. Сіздердегі төзім мен табандылық, тәртіп пен ұқыптылық шынайы патриотизмнің үлгісіне айналған. 

Қарулы күштердегі азаматтық персонал санатындағы әйелдерге де алғысым шексіз. Сіздердің адал еңбектеріңіз әскери құрылымның тұрақты жұмысына кепілдік береді, әрі қойылған міндеттердің сәтті орындалуына ықпал етеді.

Сонымен қатар, әскери қызметтің барлық қиындығын жұбайларымен бірге бөлісіп жүрген әскери қызметшілердің әйелдеріне де риясыз ризашылығымды білдіремін. Сіздер отбасының жылуын сақтап, жас ұрпақты Отанды сүюге және әскери мамандықты құрметтеуге тәрбиелеп келесіздер. Отан қорғаушылары үшін ең басты тірек – Сіздердің қолдауларыңыз. 

Әйелдердің өзін-өзі дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, тең құқық пен сыйластық қағидаларын нығайту Қарулы күштердің дамуы үшін маңызды бағыт болып қала беретініне сенімдімін. Сіздердің еңбектеріңіз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қоғамдық тұрақтылыққа айтарлықтай үлес қосады.

Көктем мерекесі көңілдеріңізге шаттық сыйласын!

Баршаңызға зор денсаулық, мол бақыт, бақ-береке, толағай табыс тілеймін!

 

Құрметпен,

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі

авиация генерал-лейтенанты     Д.Қосанов

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1177054?lang=kk