Ыстанбұлда Түркі мемлекеттері ұйымы cыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтті
08.03.2026 12:00:45 316
Ыстанбұл, 2026 жылғы 7 наурыз – Түркі мемлекеттері ұйымы cыртқы істер министрлері кеңесінің бейресми отырысы өтті.
Іс-шараға Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев бастап барды.
Отырыс Түркия Республикасы Сыртқы істер министрі Хакан Фиданның төрағалығымен өтті. Жиынға ТМҰ-ға мүше мемлекеттер – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Ұйымның Бас хатшысы қатысты.
Кездесу барысында қатысушылар өңірлік және жаһандық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Сонымен қатар саяси диалогты одан әрі нығайту, институционалдық ынтымақтастықты кеңейту және түркі әлеміндегі өзара іс-қимыл мен интеграцияны тереңдетуге бағытталған бірлескен бастамаларды ілгерілету перспективалары талқыланды.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясында жоспарланған алдағы іс-шараларға дайындық мәселелеріне, сондай-ақ ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша мүше мемлекеттер арасындағы үйлестіруді күшейтуге ерекше назар аударылды.
Іс-шара аясында Ә.Бақаев өзге делегация басшыларымен бірге Түркия Республикасы Президенті Режеп Тайип Ердоғанның қабылдауында болды. Сұхбат барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайту мәселелері, сондай-ақ түркі ынтымақтастығы шеңберіндегі өзара іс-қимылды дамыту перспективалары талқыланды.
Тараптар бауырлас түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және түркі әлемінің халықаралық әрі өңірлік үдерістердегі рөлін арттыруға өзара мүдделілік білдірді.
Іс-шара қорытындысы бойынша ТМҰ Сыртқы істер министрлерінің Таяу Шығыстағы соңғы оқиғаларға қатысты бірлескен мәлімдемесі қабылданды, сондай-ақ ТМҰ+ форматында үшінші тараптармен ынтымақтастық туралы ереже бекітілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1177069?lang=kk