Қостанайда эскиздік жобалар байқауының қорытындысы шығарылды

Қостанайда эскиздік жобалар байқауының қорытындысы шығарылды

09.03.2026 15:31:13 259

Қостанайда Қостанай құрылыс колледжінің 3–4 курс студенттері қатысқан эскиздік жобалар байқауының қорытындысы шығарылды. Байқау сәулет, құрылыс және дизайн саласындағы болашақ мамандардың шығармашылық және кәсіби әлеуетін қолдауға бағытталды.

Қатысушыларға қаланың нақты қоғамдық кеңістіктері үшін концептуалдық шешімдер әзірлеу ұсынылды. Мұндай формат студенттерге оқу бағдарламасының шеңберінен шығып, алған білімдерін тәжірибеде қолдануға, қалалық ортаны дамытуға арналған тың идеялар ұсынуға мүмкіндік берді.

Байқау аясында бірнеше бағыт бойынша жобалар ұсынылды. Соның бірі — эко-квартал құру, яғни Абай даңғылы мен Баймағамбетов көшесінің қиылысындағы аумақты абаттандыру тұжырымдамасы. Студенттер бұл аумақты заманауи қоғамдық кеңістікке айналдыру, сквер қалыптастыру және экологиялық абаттандыру элементтерін енгізу бойынша түрлі ұсыныстар әзірледі.

Сонымен қатар қатысушылар smart-урбанистика бағытында да жобаларын ұсынды. Жобаларда заманауи технологияларды қолдана отырып шағын сәулет нысандарын жасау, сондай-ақ қала кеңістігінде ыңғайлы бағдарлауға арналған навигациялық жүйелерді енгізу қарастырылды.

Байқаудың тағы бір бағыты тұрғын үй кешендерін әлеуметтік нысандармен ықпалдастыру және қалалық инфрақұрылымға экологиялық шешімдерді енгізу бойынша концептуалдық идеяларға арналды.

Ұсынылған жұмыстарды қала құрылысы мен сәулет саласының мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады. Сарапшылар студенттердің дайындық деңгейінің жоғары екенін, идеялардың тың әрі жобалардың практикалық маңызға ие екенін атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1177147?lang=kk