ҚР СІМ-де Қазақстанның Дүниежүзілік банк тобымен ынтымақтастық перспективалары талқыланды
11.03.2026 18:11:20 227Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев Дүниежүзілік банктің Орталық Азия бойынша өңірлік директоры Андрей Михневпен және Қазақстан Республикасындағы Халықаралық қаржы корпорациясы қызметінің басшысы Зафар Хашимовпен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын, сондай-ақ 2026-2031 жылдарға арналған Қазақстанмен серіктестік стратегиясын әзірлеу мәселелерін талқылады.
Е.Ашықбаев Қазақстанның Дүниежүзілік банк тобымен өзара іс-қимылының стратегиялық сипатын атап өтіп, оның көптеген жылдар бойы елдің негізгі халықаралық серіктестерінің бірі болып табылатынын және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мен әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүргізуге елеулі үлес қосып келе жатқанын айтты. Бұған дейінгі 2020-2025 жылдарға арналған Серіктестік стратегиясы шеңберінде Қазақстанда жалпы сомасы шамамен 4,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 14 жоба іске асырылғаны аталып өтті.
А.Михнев Дүниежүзілік банктің жаңа Серіктестік стратегиясын әзірлеу барысы, сондай-ақ Банктің Қазақстандағы ағымдағы бағдарламасы туралы ақпарат беріп, көлік инфрақұрылымы, коммуналдық және энергетикалық секторды жаңғырту, су ресурстарын басқару және құрылымдық реформаларды қолдау салаларындағы перспективалық жобаларға тоқталды.
З.Хашимов Қазақстандағы Халықаралық қаржы корпорациясының ағымдағы қызметіне шолу жасап, көлік инфрақұрылымы, қаржы секторы және микрокредиттеу салаларындағы жобалар, сондай-ақ ипотекалық нарықты дамыту мен электр көлігін енгізу бағдарламалары бойынша консультативтік бастамалар туралы хабарлады.
Сондай-ақ тараптар экономиканы цифрлық трансформациялау, көлік және теміржол инфрақұрылымын дамыту, коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, су ресурстарын басқару және мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетіктерін кеңейту сияқты өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттарын талқылады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы серіктестікті одан әрі нығайтуға және сындарлы диалогты дамытуға өзара мүдделілігін растады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1179004?lang=kk