Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков «AMANAT» партиясының алаңында азаматтарды қабылдады
11.03.2026 18:11:22 177
Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков «AMANAT» партиясының орталық аппаратында қоғамдық қабылдау өткізді. ZOOM платформасы арқылы өткен кездесу барысында отандық өнімді қолдау, импорттық жеткізілімдер және тауарларды таңбалаудың жаңа жүйесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Виктор Шинкеев отандық өндірушілер бола тұра, картоптың Пәкістаннан импортталу себебі туралы сауал қойды. Вице-министр мен Сауда комитеті өкілдерінің түсіндіруінше, Қазақстанның картопқа деген жылдық қажеттілігі 2,0 млн тоннадан асады, ал жиналған өнім 2,9 млн тоннаны құрап, ішкі сұранысты толық өтейді. Алайда, көктемгі-жазғы кезеңде отандық өнім қоры азайған кезде, нарықты толықтыру және бағаның күрт өсуін болдырмау үшін Пәкістан мен Қытайдан қосымша импорт жасалады. Қазіргі уақытта ішкі нарықтағы жағдай тұрақты және қолда бар қор жаңа өнім шыққанға дейін жеткілікті.
«ҚР Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының» өкілі Салтанат Әбдікәрімова сән ритейлі сегменті үшін халықаралық GTIN кодтарын қолдануға түсініктеме беруді және ҰТК талаптарын енгізуде кемінде 6 айға өтпелі кезең ұсынуды сұрады.
Министрлік мамандарының айтуынша, Халықаралық GTIN кодтарын GS1-Kazakhstan қауымдастығы береді, ал ел ішіндегі тауар айналымы үшін NTIN кодтары қолданылады. 2026 жылғы 9 қаңтардағы Меморандумға сәйкес, ҰТК талаптарын енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді: импорттаушылар мен өндірушілер үшін – 1 наурызға дейін, сауда желілері үшін – 1 сәуірге дейін, ал шағын және микрокәсіпкерлік субъектілері үшін – 1 шілдеге дейін уақыт берілген.Сән ритейлі үшін бөлек өтпелі кезең қарастырылмаған, бірақ салалық ерекшеліктерді ескеру бойынша әдістемелік жұмыстар жалғасуда.
Вице-министр Айдар Әбілдабеков көтерілген барлық мәселелер бойынша тиісті департамент басшыларына нақты тапсырмалар беріп, бизнес өкілдерімен тығыз іс-қимыл жасауға дайын екенін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1178990?lang=kk