Қазақстанда шетел азаматтарына арналған QazETA пилоттық цифрлық платформасы іске қосылды
12.03.2026 08:03:05 144
QazETA – шетел азаматтарына көші-қон және оған ілеспе негізгі қызметтерге «бір терезе» қағидаты бойынша (шетелдіктерге арналған бірыңғай цифрлық терезе) ыңғайлы, ашық әрі қауіпсіз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында құрылған мемлекеттік цифрлық платформа.
Жоба шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимылын заманауи әрі қолайлы форматта ұйымдастыруға, сондай-ақ көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.
QazETA платформасы келесі мақсаттарға бағдарланған:
шетел азаматтарының Қазақстан Республикасына кіру және ел аумағында болу рәсімдерін жеңілдету;
шетел азаматтарының елге кіру сәтінен бастап күнделікті қызметтерді алуына дейін мемлекеттік сервистермен бірізді өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін бірыңғай цифрлық кіру нүктесін құру;
рәсімдердің ашықтығын арттыру, өтінімдерді қарау мерзімдерін қысқарту және қызмет көрсету сапасын жақсарту;
негізгі көші-қон рәсімдерін цифрлық және мобильді форматқа көшіру.
Қазіргі уақытта QazETA пилоттық режимде жұмыс істейді, оны енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Осы кезеңде келесі қызметтер қолжетімді:
электрондық визаларды беру (e-Visa);
кіруге электрондық рұқсатты рәсімдеу (ETA);
Қазақстан Республикасының электрондық резиденті мәртебесін алу (e-Residency);
шетел азаматтарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткені туралы анықтама беру (соның ішінде мобильді құрылғылардың IMEI кодтарын верификациялау мақсатында).
Платформаның негізгі сервистері
1. Электрондық виза (e-Visa)
Электрондық виза — шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға виза беру бойынша мемлекеттік қызметтің цифрлық нысаны.
104 елдің азаматтары (тізім қоса беріледі) келесі санаттар бойынша бір реттік электрондық виза ала алады:
"А3" (қызметтік), "А5" (инвесторлық), "В1", "В2", "В3" (іскерлік), "В9-1" (Digital Nomad Visa), "В10" (жеке), "В12" (туристік), "С12" (емделу мақсатында).
Электрондық виза электрондық түрде рәсімделген шақырудың негізінде беріледі (шақыру Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің аумақтық полиция органдарында рәсімделеді) және тек визаны алушыға ғана қолданылады, еріп жүретін тұлғаларға таралмайды. Паспорт ауыстырылған жағдайда электрондық визаны қайта рәсімдеу қажет.
Шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының аумағына тек халықаралық әуежайлардағы өткізу пункттері арқылы ғана қолданыстағы электрондық визамен кіріп-шыға алады.
2. Кіруге электрондық рұқсат (Electronic Travel Authorization, ETA)
ETA Қазақстан Республикасына визасыз кіру тәртібі белгіленген елдердің азаматтарына арналған. Рұқсат электрондық түрде рәсімделеді.
Қазақстанға сапар жоспарлаған шетел азаматтары ETA алу үшін мобильді қосымша арқылы сапарға дейін кемінде 72 сағат бұрын өтінім береді.
ETA-ның жарамдылық мерзімі — 180 күн.
Қазақстан аумағында болудың нақты мерзімі қолданыстағы көші-қон заңнамасына сәйкес реттеледі.
Сонымен қатар берілген ETA Қазақстан Республикасының аумағына кіруге кепілдік бермейді. Елге кіруге рұқсат беру туралы түпкілікті шешім шекаралық бақылау кезінде уәкілетті мемлекеттік орган тарапынан қабылданады.
ETA алу міндетінен босатылады:
дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері;
ресми делегациялар мүшелері;
Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық корпус өкілдері.
Пилоттық кезеңде визасыз режим қолданылатын елдердің азаматтары үшін ETA алу ұсыныстық сипатқа ие. Пилоттық кезең аяқталғаннан кейін көрсетілген санаттағы азаматтар үшін ETA алуды кезең-кезеңімен міндетті түрде енгізу жоспарланып отыр.
3. Электрондық резиденттік (e-Residency)
e-Residency — Қазақстан Республикасынан тыс жерде орналасқан шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясы аясында мемлекеттік және коммерциялық цифрлық сервистерге қол жеткізу мүмкіндігін беретін инновациялық құрал.
Электрондық резиденттік АХҚО юрисдикциясы шеңберінде іске асырылады және мыналарды көздейді:
жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) қашықтан алу;
банктік шоттар мен төлем карталарын ашу;
eSIM рәсімдеу;
компанияларды қашықтан тіркеу және бизнес жүргізу.
4. Шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткені туралы анықтама алу
(соның ішінде мобильді құрылғылардың IMEI кодтарын верификациялау мақсатында).
Алдағы уақытта платформаның функционалы кеңейтіледі. Оның ішінде:
медициналық сақтандыруды рәсімдеу;
ETA иелері үшін шекаралық бақылаудан жеделдетілген тәртіпте өту мүмкіндігі;
сервистік алымды төлеу;
басқа да цифрлық сервистер енгізу жоспарлануда.
QazETA мобильді қосымшасын PlayMarket және AppStore арқылы жүктеуге болады.
Жоба аясында техникалық қолдау қызметі жұмыс істейді. Сұрақтар мен ұсыныстарды support@qazeta.kz электрондық поштасына жолдауға болады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-bern/press/news/details/1179090?lang=kk