Қазақстандағы конституциялық реформалар мен екіжақты қатынастар Нью-Делиде талқыланды

Қазақстандағы конституциялық реформалар мен екіжақты қатынастар Нью-Делиде талқыланды

12.03.2026 16:21:00 257

Нью-Дели, 2026 жылғы 12 наурыз - Үндістанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі Джавахарлал Неру университетінде «Constitutional Reform and Democratic Transformation in Kazakhstan: Implications for Governance and Kazakhstan-India Relations» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшілігінің бастамасымен ұйымдастырылып, университетпен бірлесіп өткізілді.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Үндістандағы Елшісі Азамат Ескараев Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және институционалдық реформалар туралы айтып, олардың саяси жүйені жаңғыртуға, демократиялық институттарды нығайтуға және заң үстемдігін дамытуға бағытталғанын атап өтті. Сонымен бірге 15 наурызда өтетін конституциялық өзгерістер бойынша жалпыұлттық референдумның маңыздылығына тоқталды.

Елші А. Есқараев сондай-ақ Қазақстан мен Үндістан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықтың маңызын және академиялық байланыстардың одан әрі дамып келе жатқанын атап өтті.

Халықаралық зерттеулер мектебінің деканы профессор Шарад Сони және Ресей және Орталық Азияны зерттеу орталығының жетекшісі, профессор Прити Д. Дас реформалардың маңыздылығын атап өтіп, олардың екі ел арасындағы ынтымақтастықтың дамуына оң әсер ететінін айтты.

Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі Қазақстандағы конституциялық дамудың тарихи кезеңдеріне тоқталып, елдің ұлттық бірегейлік пен аумақтық тұтастықты сақтай отырып әлеуметтік-экономикалық дамуға басымдық беретін жаһандық деңгейдегі белсенді ойыншы екенін атап өтті.

Профессор Налин Кумар Мохапатра Қазақстан жүргізіп отырған рационалды саясат пен саяси тұрақтылықтың маңызын атап өтіп, елдегі даналықпен жүзеге асырылып саясат Қазақстан мен Үндістан арасындағы қатынастарды одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты.

 

Профессор Санджай Кумар Пандей Қазақстан әлемдегі ең ірі теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет ретінде демократиялық басқаруды дамытуда, ғылым мен технология саласында және нарықтық экономикаға көшуде айтарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өтті.

Chintan Research Foundation сарапшысы доктор Индрани Талукдар конституциялық өзгерістердің мақсаты саяси тұрақтылықты күшейту екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Үндістан арасындағы жасанды интеллект, су қауіпсіздігі, технологиялар және жаңартылатын энергетика салаларындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін айтты.

The Economic Times газетінің халықаралық қатынастар жөніндегі редакторы Дипанджан Рой Чаудхури Қазақстан мен Үндістан арасындағы цифрлық экономика, криптотехнологиялар, стратегиялық минералдар, уран жеткізу және қорғаныс салаларындағы ынтымақтастық перспективаларын атап өтті. Сондай-ақ ол Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері бейбіт өмір сүретінін және Үндістан азаматтары үшін визасыз режим бар екенін айтты.

Іс-шараға академиялық және сарапшылық қауымдастық, сондай-ақ талдау орталықтарының өкілдері мен университет студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан-Үндістан ынтымақтастығын одан әрі дамыту мәселелері бойынша пікір алмасты.




 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-delhi/press/news/details/1179669?lang=kk