Елші Бейбут Атамқұлов Өзбекстан Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі Азиз Абдухакимовпен кездесті

Елші Бейбут Атамқұлов Өзбекстан Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі Азиз Абдухакимовпен кездесті

13.03.2026 08:01:45 280

Өзбекстандағы Қазақстанның Елшісі Бейбіт Атамқұловтың Өзбекстан Республикасы Президентінің экология мәселелері жөніндегі кеңесшісі – Экология және климаттың өзгеруі жөніндегі ұлттық комитеттің төрағасы Азиз Абдухакимовпен кездесуі өтті.

Тараптар Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммит қарсаңында экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Мемлекет басшыларының экология мәселелеріне және Орталық Азиядағы өңірлік экологиялық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірлескен шешімдер әзірлеуге жоғары назары атап өтілді.

Қатысушылар ауаның сапасын арттыру, аумақтарды көгалдандыру және табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытындағы өзара іс-қимыл мәселелері бойынша пікір алмасты.

«Таза Қазақстан» және «Яшил макон» ұлттық көгалдандыру бағдарламаларын іске асыру барысы қарастырылды. Тараптар аталған бастамалардың қоғамда табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыратынына назар аударды.

Елші жаңа Қазақстан Конституциясының жобасында қоршаған ортаны және табиғи байлықтарды қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінгенін хабарлады.

А.Абдухакимов ірі мегаполистер мен қалалық агломерациялардағы ауа ластануы мәселесіне тоқталып, Орталық Азия өңірінде «Таза ауа» консорциумын құру жөніндегі Өзбекстан Республикасының бастамасының маңыздылығын ерекше атап өтті.

Су ресурстары саласындағы ынтымақтастық кездесудің жеке тақырыбы болды. Елші өзбек тарапын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ құрамында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы хабардар етті.

Қатысушылар су ресурстары тапшылығы артып отырған жағдайда бұл бастаманың өзектілігін жоғары бағалап, Халықаралық су ұйымының маңызы Орталық Азия үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды екенін атап өтті.

Кездесу жалғасында Елші Б.Атамқұлов экологиялық жағдайды бақылауға арналған Ситуациялық орталықтың қызметімен танысты. Орталық нақты уақыт режимінде экологиялық ахуалды талдап, ауа сапасын бақылауды, ластану көздерін анықтауды және өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-tashkent/press/news/details/1179960?lang=kk