ҚР Конституциясы чех бизнесі үшін жаңа инвестициялық перспективаларға жол ашады

ҚР Конституциясы чех бизнесі үшін жаңа инвестициялық перспективаларға жол ашады

20.03.2026 08:22:37 181

Прага, 2026 жылғы 18 наурыз – Референдум қорытындылары мен Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылданғаны туралы алғашқылардың бірі болып чех қоғамының өкілдері – «Чех Республикасының Қазақстан Республикасымен сауда-экономикалық ынтымақтастығының келешегі» атты бизнес-семинарға қатысушылар хабардар болды. Чехияның іскер топтарын, салалық бірлестіктері мен сарапшылар қауымдастығын біріктірген бұл іс-шараны «CZ – Чех коммуналдық және энергетикалық технологиялары» консорциумы «FONTES RERUM» зерттеу институтымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Чех Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.

ҚР Елшісі Қ.Әбдірахмановпен қатар, белгілі чех экономисі әрі саясаткері, Чех Республикасының бұрынғы Өнеркәсіп және сауда министрі Ян Младек, көрнекті дипломат, Чехияның бұрынғы Сыртқы істер министрі және БҰҰ Бас Ассамблеясының экс-төрағасы Ян Каван, кәсіпкер, ұйымдастырушы консорциумның жетекшісі Зденек Збытек, Чехия Өнеркәсіп және көлік одағының вице-президенті Франтишек Халоупецкий, сондай-ақ «EGAP» экспорттық сақтандыру компаниясы директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Марек Длоухи баяндама жасады.

Чех кәсіпкерлеріне Қазақстандағы экономикалық өзгерістердің еліміздің жаңа Негізгі заңында заңнамалық тұрғыдан бекітілген негізгі бағыттары таныстырылды. Атап айтқанда, Конституцияда адам капиталын, білім беру, ғылым мен инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалғаны, сондай-ақ меншіктің барлық нысандарын қорғау, халықаралық құқықтың нормалары мен қағидаттарын құрметтеу көзделгені атап өтілді. Экономикалық реформалар кешенін іске асыру нәтижесінде Қазақстанның инвестициялық және сауда-экономикалық әлеуеті артып, бюрократиялық кедергілер азайып, атқарушы биліктің жауапкершілігі күшейеді деп күтілуде.

Қазақстан мен Чехия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуда, инвестицияларды өзара тартуда және заманауи технологияларды енгізуде чех компаниялары мен даму институттарының маңызды рөлі атап өтілді. Нақты жобаларды, соның ішінде өткен жылдары қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы алдағы ең жоғары және жоғары деңгейдегі кездесулерге, сондай-ақ ірі екіжақты бизнес-форумдарды өткізуге дайындық аясында ерекше мәнге ие болып отыр.

Семинардың өтуі қазақстандық дипломаттардың жергілікті іскер топтармен бұған дейін өткізген кездесулерінің және Чехияның түрлі өңірлеріндегі озық технологиялық әрі өнеркәсіптік компаниялардың қызметімен танысуға арналған жұмыс сапарларының заңды жалғасы болды. Аталған іс-шаралар барысында қазақстандық тараппен серіктестікті тереңдетудің нақты бағыттары нақтыланды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1185584?lang=kk