Қазақстан мен Чехия сыртқы саяси ведомстволар деңгейіндегі мазмұнды диалогты тереңдетуге ниетті

Қазақстан мен Чехия сыртқы саяси ведомстволар деңгейіндегі мазмұнды диалогты тереңдетуге ниетті

20.03.2026 17:19:46 152

Прага, 2026 жылғы 19 наурыз – Чех Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Петр Мацинка Қазақстан Республикасының Елшісі Қайрат Әбдірахмановты қабылдады. Өзара түсіністік пен достық ахуалында өткен кездесу барысында тараптар екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін, соның ішінде алдағы сапарларға дайындық барысын талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібінің негізгі аспектілері бойынша пікір алмасты.

Дипломатиялық миссияның басшысы чех министрін Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының ағымдағы басымдықтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың іске асырылу барысы туралы хабардар етті. 2026 жылғы 15 наурызда бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясына ерекше назар аударылды. Конституциялық өзгерістердің саяси жүйені одан әрі демократияландыруға, билік тармақтарының теңгерімін нығайтуға және қазақстандық қоғамдағы этномәдени әрі конфессиялық әралуандық жағдайында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді.

Өз кезегінде П.Мацинка Қазақстанның Орталық Азия аймағында Чех Республикасы үшін басым бағыттардың бірі болып саналатынын жеткізді. Чех дипломатиясының басшысы қазіргі геосаяси тұрақсыздық кезеңіндегі Қазақстанның басты ерекшелігі саналатын тұрақтылығына тоқталды. Министр 15 наурызда өткен референдумда Қазақстан халқы қолдау білдірген жаңа Конституцияда көрініс тапқан парламенттік қайта құрулардың батылдығын атап өтіп, қазақстандық саяси реформаларға зор қызығушылық танытты.

Сұхбаттастар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң серпінін және оны өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, ғылым мен білім беру салаларында одан әрі тереңдету үшін айтарлықтай әлеуеттің бар екенін растады. Қосылған құны жоғары бірлескен жобаларды іске асырудың, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация мен технологиялар трансфертін дамытудың маңыздылығы атап өтілді.

Көпжақты алаңдардағы, соның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ шеңберіндегі және өзге де халықаралық форматтардағы өзара іс-қимыл мәселелеріне бөлек назар аударылды. Осы орайда ҚР Елшісі Чех Республикасының сыртқы саяси ведомствосының басшысын халықаралық аренадағы қазақстандық басшылықтың соңғы бастамалары туралы хабардар етті. Тараптар жаһандық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша ұстанымдарды үйлестіруге мүдделі екендіктерін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Чех Республикасы арасындағы жоғары және ең жоғары деңгейлердегі белсенді саяси диалогты жалғастыруға өзара дайындық білдірілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-prague/press/news/details/1186108?lang=kk